Кітап адам өміріндегі жұмбақтың шешімі іспетті. Оқыған адам тығырықтан қалай шығу керектігін біліп, өмір сүрудің ғажабын, оның әр сәтін бағалап, талай қиындықты еңсере алады. Қоғамда белең алған түрлі мәселе, қарапайым құндылықтарға бойлай бермейтініміз кітаптан алыстағанымыз деуге болады. Үйімізге жүргізетін жөндеу сияқты. Жан сарайын қоқыстардан тазалап, әсемдікпен сылап береді. Ал осындай жанның дүниесі өзгелерден ерек болып тұрмақ.
Бүгін Жәнібек ауданының орталық алаңында Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітап – Fest» фестивалі өтті.
Асыл қазынаның қадірін одан сайын арттырған шараның шымылдығын жас өнерпаз Риза Әлібекова әсем әнімен, «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің кіші тобы кітаппен дос екендерін көрсетіп, бимен ашты. Содан соң аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев жиналған қауымға алғыс айтып, ауданымыздағы рухани шаралардың маңыздылығына тоқталды. Кітапхана директоры Светлана Джукина болса, кітапхана қорын, аудан әкімдігінің қолдауын тілге тиек етіп, бір топ оқырманды марапаттады. Оның ішінде кітапхана ұйымдастырған шараларға жиі қатысатын «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының ардагерлері, М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттері, Т.Жароков атындағы мектеп және №1 мектеп-лицейінің оқушылары бар. Ал «Үздік оқырман – 2024» аталымына Қанафия Сатыбалдин ие болды. Белсенді оқырмандардың қатарында болған Т. Жароковтың өнерлі оқушылары «Дос болу керек» әнін орындады. Үздіктер қатарынан көрінген оқушылардың жетекшісі Бейбітгүл Төлегенқызы Жарасбай Нұрқановтың "Кітапхана" өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Әннен шашу шашылып, поэзияның рухы сезілген шарада "Ардагерлер ұйымы" РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашылардың оқырмандармен тығыз байланыста екендігін айтты. Балалар кітапханасының жас оқырмандары тәтті үндерімен ән шырқап, ерек қимылдарымен би де биледі. Аудандық саз мектебінің хор ұжымы "Болашағы біз елдің" әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласын алды. Шараны аудандық кітапхана ұжымы ерекше форматта аяқтап, оқырмандарға алғыстарын білдірді.
Әрмен қарай жәнібектіктер фестиваль бағдарламасы аясында ашық аспан астындағы кітап көрмелер мен мерзімді басылымдармен, қолөнер шеберлерінің көрмесімен, «Ертегілер елінде» атты кітап көрмелерімен танысты.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы