Бүгін Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық орталық кітапхананың және мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ардагерлер үйінде «Семей полигоны – тарихтың қасіретті беттері» атты экологиялық шара өтті.
Оған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және Семей полигонында әскери қызмет атқарған азаматтар қатысты. Алдымен Қазақ даласына үлкен қасірет әкелген полигонға қатысты бейнесюжет көпшілік назарына ұсынылды.
Одан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова сөз алып, Семей ядролық және іргеміздегі Азғыр сынақ полигондарының елге тигізген зардаптары туралы әңгімелеп, алғашқысының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылғанын, екіншісінің жабылуына Кәкен Көбейсіновтің үлкен үлес қосқанын атап өтті.
Жиын барысында әр жылдарда әскери қызмет атқарған жерлестеріміз Давид Батырғалиев, Бейбіт Абдолов, Салахадин Құсайынов, Семей ветеринариялық институтында оқыған Мертен Кенжеғалиев сөз сөйлеп, өздерінің естеліктерімен бөлісті.
Мәдениет қызметкерлері Шынтемір Рамазанов «Өкініш» күйін орындаса, Мейрамгүл Дәулетқалиева «Заманай» әнін тарту етті.
Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қорытындылап, Семей полигонында әскери қызметін өтеген жоғарыда есімдері аталған азаматтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ардагерлер арасында шахматтан өткен турнирде жүлделі орындарға ие болған Серік Масанов, Мұхамбетжан Темірәлиев, Мұса Айтқалиев пен Мардан Есмұхамбетовті медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz