«Қариясы бар үй, қазыналы үй» деп бабамыз айтқандай, үлкенді құрметтеу және үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін бағалау ретінде елімізде жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қариялар күні атап өтіледі.
Көпті көрген данагөй қарияларымыздың өнегелі өмірін үлгі ету мақсатында Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов, Жәнібек ауылдық округінің әкімі Ғибрат Айтқалиев және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Райгүл Тастенова аудан орталығындағы 91 және 95 жастағы Дәметкен Шобанова мен Анна Шабанованың шаңырақтарына арнайы барып, құттықтады.
Аудан басшысы бар ғұмырын қажырлы еңбек етіп, елінің өсіп-өркендеуіне арнаған әжелерге құрмет көрсетті.
«Айналаңыздағы жаны жомарт жандардың ықылас-ниетіне бөленіп әрқашан арамызда аман жүріңіз» - деген аудан басшысы естелік сыйлығын табыс етті.
Өз кезегінде Дәметкен әже ұзақ жылдар бойы ауданның қой шаруашылығында еңбек еткенін айтып, жастарды да еңбек етуге шақырды.
Ақ жаулықты әжелеріміз арнайы келіп, құттықтаған аудан басшысына ризашылықтарын жеткізіп, барша елімізге бейбіт те берекелі өмір тіледі.
Бану Самат
Жәнібек ауданы