22.02.2024, 0:00
Оқылды: 121

Жәнібекте Кеңес Одағының батыры Ерденбек Ниетқалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай тұңғыш рет танымдық кеш өтті

«Тірі қалғандар бақытты..». Бұл – Кеңес Одағының батыры Ерденбек Ниетқалиевтің әкесі мен анасына жолдаған сағынышқа толы хатындағы адам жанын тебірентетін жолдар. Көз алдымызға аты жаман майдандағы көріністер елестеп, денеміз түршігіп кетеді. Иә, бұл хатты оқыған яки тыңдаған адам осындай сезімдерді тұла бойынан өткізеді. «Тірі қалғандар бақытты. Ал өліп кеткендерге тәңірінің жазғанында. Оған өкпе жоқ», - деген ел мақтанышы атанған Ерденбекке мына аз ғана сөйлемді жазу оңай болмағаны сөзсіз. Сарғайған хаттары музейлерден орын алып, есімі ел есінде қалған батыр туралы, оның ерлігі жайында айта берсек, шегіне жете алмаспыз.

428694767_949772063819135_6955256596984478163_n

Ардагерлер үйінде Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіндегі оқырман қамту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ел мақтанышы – Ерденбек» атты тағылымды шара өтті. Аталған шара батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев Ерденбек Ниетқалиұлының ескерткішіне құрметпен гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

428703612_949770133819328_39786590274463816_n

Рәсімге қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев, аудандық тарихи-өлкетану музейі бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова мен ауданымыздың ардагерлері мен М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің мұғалімдері мен студенттері ардагерлер үйінде өтетін танымдық һәм еске алу кешіне асықты.

428712265_949743553821986_7307522149699516846_n

Кеш басталмас бұрын көрермендер назарларын экранға бұрып, жауынгер хаттарын тыңдады. Содан соң Жақсылық Каримоллаұлы сөз алып, шараның маңызын атап өтіп, Ерденбек Ниетқалиевтің ерліктеріне тоқталды. Шағын ғана Қамысты ауылында дүниеге келіп, қаймана қазақтың бағына айналған батырдың эскадроны көптеген танк пен зеңбіректі құртқан. Ратцебург тасжолы үшін болған ұрыста екі рет жараланып, 1945 жылдың ақпан айында осы ұрыста қаза тапқан. Аудан әкімдігі тарапынан сұм соғыста Отан үшін айқасқан батырлардың есімін ұлықтау, жас ұрпақты елді сүюге тәрбиелеу сияқты келелі жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов шараға немқұрайлы қарамай, алтын уақыттарын бөліп келген ардагерлерге, жастарға алғысын білдірді. Кейін сахна төрінен Шынтемір Рамазанов табылып, Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйін орындады. Тамара Қафарова «Эхо любви» әнін шырқап, ақсақал қауымының есіне өткен шақтарын салды. Меңдігүл Ғарифоллақызы ержүректер туралы газет-журнал бетіне көлемді мақалалар жариялап жүргенін айтып, өзімен ала келген республикалық «Ардагер KZ» журналын көрсетті. Соның ішінде Ерденбек Ниетқалиевтің өмірі, ерлігі мен хаттары орын алған.

428687770_949769997152675_1537334249830819218_n

Өз саласында айтарлықтай еңбек етіп жүрген жан ардагерлер үйінің дерекқорына аудандық «Шұғыла» газетінде жарық көрген батыр туралы мақаласын сыйға тартты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Райымбек Нұрғалиев Ерденбек Ниетқалиұлының сағынышқа толы хаттарын оқып, көптің көңілін толқытты. Әлбетте, мұндай жанкештілік танытқан, елін сүйген қайсар рухты жанның бойындағы қасиет туған жердің топырағы арқылы берілгенін естен шығармаған жөн. Туған ауылдың қасиетіне Шынар Қаюпова «Туған жер» әнін орындап, бас иді. Қорытынды сөзді Амангелді Мырзағалиұлы алып, ауданымызда тұңғыш рет Ерденбек Ниетқалиевқа арналған шараның ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

6

Соңында әдебиетші, зерттеуші Қалиолла Орынғали өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Батырларды ұлықтау басталды. Жалғасын тапсын демекпіз!

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале