Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қоғам алдында адал еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосқан, бүгінде арамызда жоқ болса да Қисмет Шаққалиевтің ұрпақтары «Жанымызда мәңгі жүрер жарқын бейне» атты еске алу кешін өткізді.

Оған шақырулы қонақтар, ардагерлер, жұмыстас болған ұжым өкілдері, тума-туыстары мен ұрпақтары қатысты.
Алдымен Қисмет Өтепбергенұлына арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сонан кейін сөз кезегі Шаққалиевтер отбасының атынан қарындасы Бақытқаным Өтепбергенқызына ұсынылды.
- Қасиетті жұма күні дұға-тілектерімізді тілей отырып, дүниеден өтіп кеткен адамдарымызды, жақын жандарымызды еске алып отырамыз. Бүгін осы күні барлығымыз бірге менің ағамды еске алуға жиналып отырғандарыңызға үлкен алғысымды айтамын. Көп жылдар бойы оның зайыбы ауырды. Ағам жұмыс жасап жүрсе де ауруханамен екі ортада оның тамағын тасыды. Сөйтіп ол жетпіс жасқа дейін аспаз болды. Ағам ешқашан қабақ шытпайтын адам еді. Менің институтқа түсуіме ең бірінші қолдау білдіріп, ұстаздық жолды таңдауыма ағам себепші болды. Ұзынкөл ауылында отыз бес жылдан бері мұғалім болып қызмет етіп жүрмін. Осы жерде отырған ағалар барлығыңызға келгендеріңізге рахмет. Сіздерге арнап «Ағаларым» деген әнді шырқап берейін, - деген ол осы әнді орындап берді.
Көршілес Ресей жерін мекен еткен Өтепберген – Хабиба Шаққалиевтердің отбасында төрт ұл, екі қыз дүниеге келген екен. Қисмет Өтепбергенұлы 1951 жылы 12 шілдеде (бұрынға Сталинград) қазіргі Волгоград облысының Быков ауданында жарық дүниеге көрінген екен. 1969 жылы Жәнібек ауданындағы село жастарының орта мектебінде сегізжылдық білім алып, 1972 жылы толық курсын тәмамдаған. Ол өзінің техникалық білімін жетілдіру мақсатында 1967 жылы үшінші класты тракторист-машинист мамандығын алып шығады. 1972-1974 жылдары әскер қатарында азматтық борышын өтейді. Қисмет Өтепбергенұлы алған білімін практика жүзінде жетілдіру үшін әр жылдары тракторист-машинист, механик мамандықтары бойынша жұмыс істейді. 1974 жылдан 2011 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ Жәнібек аудандық байланыс торабында электромеханик, электромонтер, инженер болып абыройлы қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Ол ҚР Тәуелсіздігіне 15 жыл толуына орай облыстық телекоммуникация саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғысхатпен және ҚР Президентінің 2011 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қ.Шаққалиев өнерден де құралақан болмаған, жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған оркестрге өз үлесін қосқан жандардың бірі. Осы орайда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын, күйші, жерлесіміз Дәулеткерей Құсайыновтың Қисмет Өтепберген туралы айтқан пікірі бейнеролиг арқылы жиналғандардың назарына ұсынылды.
Еске алу кешінде аға буын ұрпақтың атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық телекоммуникация орталығының инженері Сағымжан Ибраимов пен электромеханигі Қазбек Тырмышев Қисмет Өтепбергенұлымен әр жылдары әріптес болғандарын айтып, есте қалған жылы естеліктерімен бөлісті.

Отбасында екінші ұл болған Қ.Шаққалиев 1976 жылы Мәрия Егізовамен шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құда-жекжат, тума-туысқандарының ортасында немере-жиен сүйген ардақты әке, қамқор ата бола білді.
Кеш барысында күй шертіліп, ән айтылды. Соңында інісі Ғизатолла еске алу кешіне жиналған барша қатысушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Сейіт Қали
Жәнібек ауданы