16.06.2025, 20:00
Оқылды: 331

Жәнібекте күйші Дәулеткерей Құсайыновтың 60 жас мерейтойына арналған кездесу кеші өтті

Бүгін «Көкірегі – жыр көктем, қос пернеден күй төккен» деген атаумен Жәнібек аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ақын, күйші Дәулеткерей Құсайыновтың 60 жас мерейтойына орай кездесу кеші өтті.

IMG_0110

​Дәулеткерей Атауұлын аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов пен мәдениет қызметкерлері мәдениет ошағына кіреберістен ақ пен бауырсақ ұсынып, қарсы алды. Фойеде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әзірлеген кітап пен фото көрме назарға ұсынылды.
​Әрмен қарай LED-экраннан ақынның өмірбаяны баяндалған бейнематериал көрсетілді.

IMG_0158

​Туған жерін, ауылын аңсап, жиырма жылдың үстінде ауыл мәдениетін көтеруге зор үлесін қосқан, мәдениет пен саясаттың тізгінін білім парасатымен иығына көтеріп, ауданның мақтанышына айналған, Ғұмар елінің төл перзенті, күйші, ақын, журналист, дәулескер домбырашы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Ғ.Құрманғалиевке – 100 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарының, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалінің иегері Дәулеткерей Атауұлы сахна төріне шақырылды.

​Өздеріңізге мәлім, биыл сәуір айында Д.Құсайынов Қ.Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры лауазымына тағайындалған болатын. Осы орайда Дәу ағаның шашбауын көтеріп, өзімен бірге әріптестері келді. ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Қ.Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Жамиға Камалова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Ербол Ақбасов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев пен бауыры Сәбит Хасенов ортадан табылды.

IMG_0187
​Кеш тізгінін алған Анаргүл Ахмулдина: «Аға буын сізді кеудесі ізгілік пен кішіпейілдікке толы іні ретінде, кіші буын үлгілі де парасатты аға ретінде, әріптестеріңіз жан-жақты білімді, еңбекқор ел азаматы ретінде құрметтейді. Ендеше, елге қош келдіңіз», - дей келе, сөз кезегін Дәулеткерей Атауұлына берді. Өз кезегінде ақын кездесу кешті ұйымдастырып, төр ұсынған аудан әкімдігі мен аудан жұртына рахметін айтты.

IMG_0218
​Кездесу барысында ансамбльдің құрылуына Д.Құсайынов өзі мұрындық болған, құрамы өнерлі жастармен толығып, өз жұмысын жалғастырып келе жатқан ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Анаргүл Кенжеғалиеваның көркемдік жетекшілігіндегі «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, аталған ансамбльдің сүйемелдеуімен күміс көмей әнші Шынар Каюпаның «Ауылдастар» әні шырқалды.
​Шашбауын көтеріп келген Жамиға Бергенғалиқызы сөз алып, ыстық ықыласын жеткізіп, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтің құттықтаухатын берді. Ербол Жұмагелдіұлы әннен шашу шашса, Айнабек Сағынтайұлы арнау арнады. ​Дәулеткерей Атауұлы жанында айнымас серігі боп жүрген қасиетті домбырасымен қонақкәде ретінде күйлер орындап берді.
​«Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев пен Ақоба ауылының арда азаматы, айтыскер ақын Мұрат Мұқанбетқалиев бала Дәулеткерейді, оның еңбек жолын еске алып, мерейжасымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

IMG_0177
​Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы: ​​​​«Адамдық борышың –
​​Халқыңа еңбек қыл.
​​Ақ жолдан айнымай
​​Ар сақта, оны бiл.
​​Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
​​Бiлiмсiз,
​​Өнерсiз,
​​Болады ақыл тұл.
​​Мақтанға салынба
​​Мансаптың тағы үшiн.
​​Нәпсiңе билетпе
​​Басыңның бағы үшiн.
​​Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
​​Жоба тап,
​​Жол көрсет,
​​Келешек қамы үшiн.
​​Қайтадан қайрылып
​​Қауымға келмейсiң.
​​Барыңды,
​​Нәрiңдi
​​Тiрлiкте бергейсiң.
​​Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
​​Шын бақыт‚
​​Осыны ұқ,
​​Мәңгiлiк өлмейсiң!», - деп, Шәкәрім Құдайбердіұлының әдемі сөздерін келтіріп, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан мерейжас иесін құттықтап, естелік сыйлық табыстады.

IMG_0263

Онымен қоса аудан әкімдігі мен аудан жұртшылығы Дәулеткерей Атауұлына ат мінгізді.

IMG_0287
​Кеш елдің бойтұмарына айналған, әнін Ербол Дүйсенғалиев жазғанмен сөзі Дәулеткерей Құсайыновтікі әншілер Райымбек Кәрімов пен Әсем Ғайнуллинаның орындауында «Жәнібегім» әнімен өз мәресіне жетті.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале