16.06.2024, 21:00
Оқылды: 136

Жәнібекте Құрбан айт мейрамы тойланды 

Бүгін – Құрбан айт мейрамының бірінші күні. Айта кетейік, бұл мереке мұсылман қауымы үшін ұлық мерекелердің бірі. Осыған орай Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінде 06:30-да айт намазы оқылып, уағыз айтылды.

image-16-06-24-08-32-4

Сондай-ақ осы күні құрбандық шалынып, дұға-тілек жасалады. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен шектелмейді. Бұл амал арқылы адамның ішкі ниеті, шынайы пейілі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі.

- Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін паш етеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмайды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қағидаға бекінген халқымыз адамдар арасындағы алауыздыққа жол бермеуді өсиет еткен. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар мен басқа да игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді, - дейді Есенболат қажы Абдуғалиев.

image-16-06-24-08-32-1

Құрбан айт мейрамына орай мешіт ауласында жамағаттың қатысуымен спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қол күресінен гір тасын 25 мәрте басынан асыра көтерген Арман Қазбеков бірінші, 18 дүркін көтерген Алмаз Бектенов екінші, 12 рет көтерген Болатбек Наурызғалиев үшінші орынғға ие болды. Ал уақыт бойынша қой көтеруде Асылжан Тұяқов алдына жан салмады, сөйтіп семіз қошқарды қанжығасына байлады. Аударыспақтан он бес жасқа дейінгі ұлдар арасында жүлделі орындарды тиісінше Өрболатұлы, Қайсар Хамитов және Айқын Мералиев өзара бөлісті.

image-16-06-24-08-32

Осы спорт түрінен ересектер арасындағы сайыста Оралхан Ғаббасов, Рүстем Қойбағаров, Марлен Бисеков үздік үштіктен көрінді. Арқан тартыс та аса тартысты өтті.

image-16-06-24-08-32-3

Бес команда бақ сынаған ойында қарсыластарының барлығынан басым түскен «Жәнібек» спорт клубының командасы бірінші, «Бүркіт» командасы екінші, және «Жалын» командасы үшінші орыннан көрінді. Ал нысананы көздеп ату сайысында Жандарбек Жайлыбай мергендігімен көзге түсіп, бірінші орынды қанжығасына байласа, Асқар Құсайынов екінші, Мейрамбек Дошимов үшінші орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарысты ұйымдастырушылардың диплом және медальдарымен марапатталды.

Келіп жеткен Құрбан айт мүбәрак болсын! Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа аман-есен жете беруге жазсын! Дұғамыз қабыл болғай!

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале