Көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз, әйтсе де соңғы жылдары мектеп оқушысынан бастап қызмет атқарып жүрген азаматтарға дейін сауаттылыққа мән беруді қойған секілді. Ондайлардың қатары артып келе жатқанын мойындауға тура келеді.
Бұл – әлеуметтік дерт деуге келетін, кесірі мол келеңсіздік. Қателерге көз жұма қарай берсек, беті аулақ, жазу мәдениетінен айырылған елге айналарымыз хақ. Бүгінде мектеп оқушысы болсын, еңбек өтілі бірнеше жылды құрайтын маман болсын, қажетті материалды интернеттен алады да, оның мән-мағынасы, мазмұнына бойламай-ақ пайдалана салады. Ойлау, жинақталған материалды зерделеп талдау, өз пікірін қосу, қорытынды жасау, қатесін түзету қаперіне де кіріп шықпайды. Осылайша қанағат тұтып үйренген жан оның дұрыс яки бұрыс екеніне көз жеткізуді жөн көрмейді. Жазған баяндама және өзге де материалдарында қатеден көз сүрінеді.
Тыныс белгілерін былай қойғанда, жазған дүниесінде орфографиялық, стилистикалық қателерді жиі кезіктіресіз. Салғырттық емес, білместіктің салдары болса керек. Өзге тұрмақ, қазақ тілі пәні мұғалімдерінің өздері жазуда қателікке ұрынады. Басқаларға не жорық?! Қате жазу маман әлеуетіне, оның деңгейіне нұқсан келтіретінін көпшілік естен шығарып алған сыңайлы.
Осы орайда бүгін коворкинг орталығында аудандық газет редакциясы мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Медиа және ақпараттық сауаттылық» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желіге жауапты мамандары, мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері мен басшылар, жастар ресурстық орталығының кеңесші мамандары қатыстыя.
Семинардың модераторы болған газеттің директоры-редакторы Гүлзара Тілекқабылқызы жалпы сауаттылыққа тоқталып, әлеуметтік желідегі ақпаратты оқырманға дұрыс ұсыну бойынша мәлімет берді. Заман талабына сай ресми парақшаларды жүргізу тәртібіне, тақырып қоюдың маңыздылығына, плагиатқа кеңінен тоқталып, қатысушыларға тапсырма берді.
Одан бөлек қазіргі таңда өзекті болып жүрген графикалық дизайн, бейнероликтерді монтаждау туралы тәжірибесімен бөлісті. Жиi қолданылатын CANVA, GODADDY STUDIO, VN, CAPCUT, LETO.FONTS сынды қосымшаларымен жұмыстану жолдарын түсіндіріп, іс жүзінде көрсетті. Семинарға келген қатысушылар берілген тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындады. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, алдағы уақытта аталған семинарлардың көбірек өткізілу керектігі жөнінде уәждерін жеткізді.
Айта кету керек, семинар түске дейін өткізілді. Негізі бұл білім алу үшін аз уақыт, дегенмен, қатысушылар құнды материалдарға қанығып үлгерді. Сонымен қатар орталықтың басшысы Мөлдір Сайфоллақызы қатысушыларға кофе-брейк ұйымдастырып, сергіту сәттеріне де мән берді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы