19.12.2024, 16:00
Оқылды: 205

Жәнібекте мемлекеттік рәміздер стандартқа сай ма?

Бүгін Жәнібек әкімдігінде аудан әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен Жәнібек ауданы әкімдігі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.

image-19-12-24-02-16-1

Күн тәртібінде мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы және стандартқа сай келуіне жүргізілген тексеріс барысында анықталған кемшіліктер мен оның жойылуы турасындағы мәселелер қаралды. Алдымен Жәнібек ауылдық округінің әкімі Ғибрат Айтқалиев пен Тау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алтынгүл Дамас аталған ауылдық округтердегі мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуы жөнінде баяндамаларын оқыды.

Олардың сөзіне сүйенсек, қос ауылдық округте де мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуын, олардың тігілуін, орналастырылуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында ауылдық округ бойынша арнайы комиссия құрылып, комиссиялар өз жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар әкімдер ұлттық рәміздерімізді ұлықтауға арнап өткізілген бірқатар салтанатты жиын мен мәдени шара легіне тоқталып өтті.

image-19-12-24-02-16-3

– Тұрғындардың рәміздерді құрметтеуін қадағалайтын мемлекеттік органдардың бірі – полиция бөлімі, - деп баяндамасын бастаған аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Ерназар Опиев аталған бөлімдегі мемлекеттік рәміздердің белгіленген стандарттарға сәйкестігін баса айтты. Әйтпегенде ше?! Барлық мекемелердің осы бөлімге қарап бой түзері анық қой.

Ал аудан көлемінде мемлекеттік рәміздердің қолданылуын және стандартқа сай келуіне жүргізілген тексеріс барысында анықталған кемшіліктер мен оның жойылуы турасында мәлімет берген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатовтың айтуынша, осы жылы аталған мәселе бойынша 35 кемшілік анықталып, көрсетілген. Бұл дегеніміз өткен жылға қарағанда және көршілес Бөкей ордасымен салыстырғанда 2 есе көп қателікке жол беріп отырмыз.

Миранбек Нұрланұлы мониторинг қортындысы бойынша Ақоба, Борсы, Жақсыбай, Қамысты, Күйгенкөл, Тау, Талов, Ұзынкөл ауылдық округі әкімдігінің ғимараттарының сыртындағы, әкім кабинетіндегі Ту мен Елтаңба стандартқа сәйкес келгенімен, ғимарат сыртындағы маңдайша және Елтаңба ескіргендігі жөнінде ауыл әкімдеріне айтылып, ауыстыру қажет екендігі жөнінде ескертулер берілгендігін айтты.

image-19-12-24-02-16

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, аудан басшысы Жәнібек ауылдық округі әкімі аппаратына аудан орталығындағы Ту тұғырларының жарықтандырылуы мен олардың өңіп кетпеуін бакылауда ұстап, «Тәуелсіздік алаңындағы» рәміздердің таза болуын қадағалап, тозығы жеткен мемлекеттік рәміздердің дер кезінде ауыстырылуын қамтамасыз етуді тапсырса, аудандық полиция бөліміне ауыл жастары және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, патриоттық бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жүктеді. Аудандық ішкі саясат бөліміне тексеру жұмыстарын жалғастырып, түнгі уақытта мемлекеттік туға жарық түсуі бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сонымен бірге ағымдағы жылдың 17-18 қазан күндері облыстық қоғамдық даму басқармасынан комиссия мүшелері келіп, аудан орталығындағы 23 мемлекеттік мекемеге мониторинг жүргізіп, әдістемелік көмек бергені белгілі. Аудан әкімі жиналысқа қатысушылардан жүргізілген мониторинг нәтижелерін көріп, қорытынды шығаруларын талап етті. Өйткені келер жылдың алғашқы тоқсанында аталған мәселе бойынша барлық мекемені өзі арнайы қадағалайтын болады.

Отырыс соңында Тимур Серікұлы Ақоба, Жақсыбай, Жәнібек ауылдарында бой көтерген «Рәміздер алаңын» қалған ауылдарда да жасақтау жөнінде мәселені көтерді.

Арай Сейфолла

Суреттерді түсірген автор

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале