Көрнекті ақын, Алаш қайраткері, философ Ғұмар Қараштың Абай Құнанбаевтан кейінгі ұлы ақын екендігі даусыз. Жалпы мұқым қазақ солай таниды, солай баға береді. Ауыл молдасынан хат танудан бастап, білім-ғылымға ден қойған ақын саналы ғұмырын ізденудің жолына арнаған. Жәнібек топырағында дүние есігін ашып, Жалпақталдағы медреседе өзінің білімін жетілдірген.
Осы сәулелі білімнің арқасында шәкірт тәрбиелеп, ауыл балалаларын оқытқан. Жарық жалғанда жаңалыққа жаны құмар болғаны соншалық, тарихшылардың дерегіне қарап, айналасынан ғажайып іздеу арқылы ғұмыр кешкендігін байқауға болады.
Қазақ даласындағы һәм Көлборсыдағы әдеби ортаның қалыптасуына да себепші болды. Жазғанын елдің мүддесіне арнап, газет беттеріне мақаларын беріп, үнемі халықтың көкейіндегі мәселелерді қаузай білді. Біз оның журналистикадағы еселі еңбегін музейлерден көре аламыз. Бүгінде Ғұмар бабамыздың шығармашылығына, мұраларына лайықты бағасын бере алмай жүргенімізді байқаған өңір тарихшылары биылдан бастап оның есімін насихаттау бағытындағы жұмыстарға білек сыбана кірісуде. Нақтырақ айтсақ, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев бастаған өткенге бейжай қарамайтын тарихшылар аудандық қоғамдық кеңестің мәжілісінде Ғұмар Қараштың 150 жылдығын республика көлемінде атап өтуді ұсынған болатын. Не десек те, қалай десек те ұлт зиялысының ұлықталуы – сіз бен біздің алдымыздағы ұлы міндет. Оған үлес қосқан кез келген көзі ашық, көкірегі ояу жан сол парыз алдында жүлдегер атанары сөзсіз!
Ғұмар Қараштың ғұмырын мәңгі еткен рухты жырларын жас ұрпақтың бойына сіңіру – оны ұлықтаудағы маңызды қадамдардың бірі. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен облыстық «Азаттықты аңсаған Ғұмар Қараш» атты шығармашылық байқау өтті. Дәстүрге айналған додаға отыздан астам оқушы қатысты. Алдымен алыстан ат терлетіп келген әділқазылардың мүшелеріне, оқушылардың жетекшілеріне аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов құрмет көрсетіп, маңызы орасан байқауға сәттілік тіледі. Байқауға келе бастаған оқушылар мен олардың мұғалімдері, ауданымыздың басшы-қосшылары орталық алаңдағы Ғұмар Қараш ескерткішіне тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсімі өтіп, БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов пен Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры, Ғұмартанушы Бақтылы Боранбаева ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Кейін аудан мәдениет үйінің іші қатпарлы тарихтан сыр шерткендей әсер қалдырды. Бұған дәлел фойедегі кітап көрмесі десек болады. Қатысушылар мен арнайы қонақтар аудандық кітапхана дайындаған көрмеден тың мәліметтерге қанық болды.
Кейін мәдениет үйінің сахнасына байқаудың алғашқы, яғни арнау өлеңдерін оқу кезеңі бойынша бақтарын сынауға келген оқушылар шықты. Сахна шымылдығы ауданымыздың жас өнерпаздарының оқуындағы Ғұмар Қараштың өлеңдерімен ашылып, оқушыларға шабыт сыйлады. Алғашқы бағытта арнауларынан бөлек қазылар алқасының шешімімен өлеңдердің тармақтары берілді. Өзінің арнауын оқып шыққан оқушы сол тармақтың біреуін таңдап, әрмен қарай өріп шығуға тиіс болды. Аталған кезеңнің нәтижесі бойынша жүлделі 3-орынды Жанарыс Шамұрат (Жәнібек ауданы) еншілесе, 2-орынға Бекзат Баян (Орал қаласы) лайық болып, 1-орынды Нұрлы Сабырғали (Жәнібек ауданы), бас жүлдені Бақберген Серікқали (Орал қаласы) қанжығасына байлады. Сонымен қатар ынталандыру мақсатындағы аталымдарды Ералы Тілепқали (Теректі ауданы), Аянат Жақсыбекқызы (Бөкей ордасы ауданы), Айназ Ерболат (Жәнібек ауданы) иеленді. Келесі ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу бағамында жас талаптар ақынның отыз өлеңін жаттауға міндетті болған. Дегенмен көпшілігі бір-екі өлеңнен кейін мүдіріп қалды.
Байқау соңында қазылар алқасының мүшесі Бақтылы Сансызбайқызы жетекшілеріне ескерту жасап, мұндай додаға салғырт қарамау керектігін айтты. Және аталған кезеңнің соңында оқылған өлеңдердің мазмұнын сұрап, ақын туралы сұрақтар қойылды. Нәтижесінде бас жүлдені Нұрайым Есболсын (Орал қаласы), 1-орынды Кәусар Сападиярова (Қаратөбе ауданы), 2-орынды Бек Максим (Жәнібек ауданы), 3-орынды Дәулетхан Серікқали (Жәнібек ауданы) иеленді. Аталымдар Айгерім Шойтасоваға (Жәнібек ауданы), Айнара Маратоваға (Казталов ауданы), Айәсем Азаматоваға берілді. Қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталып, 2025 жылы өтетін Ғұмар Қараш оқуларына тағы қатысатын ниеттерін білдірді.
Арнаулар мен өлеңдерін оқыған оқушылардың қарашығында Ғұмар Қараш жырларындағы отты рух көрініс тапты. Әттеген-ай дейтініміз, залдың толмауы болды. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің жұмысы тығыз болды ма, кім білсін, төбе көрсетіп кетіп қалды. Ал облыстық деңгейдегі байқау болған соң алыстан келген оқушыларға білім беру бөлімінің қолдауы қажет емес пе? Қолдау дегенде мұғалімдерге арнайы айтып, келуге, жанкүйер болып, тақым қысуға міндеттесе, жетіп жатыр еді. Не дегенмен, мақаламыздың басындағы баба алдындағы парызды естен шығармасақ қой.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы