Әдеттегідей, күз мезгілі жиын-терім жұмысы аяқталып, қыс маусымына дайындықтың қызатын шағы. Осы орайда, Жәнібек ауданында қыс мезгіліне әзірлікті пысықтау үшін «Қыс-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Нақтылап айтсақ, дайындық жаттығуларына өсімдіктер мен жануарларды қорғау, хабарлар және байланыс тобы, Жәнібек газ шаруашылығы, электр жүйесін қалпына келтіру, аудандық аурухана, өртке қарсы қызмет тобы, радиациялық және химиялық барлау тобы, инженерлік қызметі, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қатысты.
Шарада аудан əкімі Азамат Сафималиев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Алтаев аудандық авариялық-құтқару құрамаларының, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексерді.
Шараның басты мақсаты – қыс мезгілінде қандай да бір төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың зардабтарын жоюға қатысатын күштер мен құралдардың әзірлігін және өзара іс-қимылдарын нақтылау еді. Бұл халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндет болып саналады.
Азамат Сафималиұлы әр мекеменің техникалары мен транспорттарына жеке-жеке тоқталып, жіті тексеріп өтті. Тексеріс барысында аудан әкімі техникалар қысқы кезеңге дайын, талапқа сай екенін айтты.
Мәдина Сағындыққызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz