9.12.2023, 10:00
Оқылды: 81

Жәнібекте өткен іс-шарада қыз тәрбиесіне кеңінен тоқталды

Кеше Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімі құрған жоспар негізінде аудандық білім бөлімінің, аудандық аналар кеңесі мүшелерінің, "Жәнібек әйелдері" қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен "Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі" атты тағылымды іс-шара өтті.

FB_IMG_1702097194359

Аудан орталығындағы мектеп оқушылары мен М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі студенттері қатысқан кештің негізгі мақсаты қыз тәрбиесін қолға алып, олармен тығыз байланыс орнату болды.

"Қызды тәрбиелегенің – елді тәрбиелегенің" деген қазақ мұны тек айтпағаны даусыз. Өйткені бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ал ана тек өзінің емес құрсағынан құнды өмірге ұмтылған ұл мен қыздың тәліміне һәм әдебіне тікелей жауапты. Міне, сол балалар ел болашағының жарқын болуына күш салмақ. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қыз баланы тәрбиелеуде негізгі ұлттық тәрбиеден алшақтап барамыз. Ол жайт ауданымызда да кездеседі. Түнгі уақытта көшеде жүретін немесе кафелерде жұмыс істейтін оқушы қыздардың саны артпаса, кемімей тұр. Олардың киім киісі де, жүріс-тұрысы да көзге оғаш көрінетіні шындық. Рас, бәлкім "дамыған заман, жаңа кезең" деген оймен ақтап аларсыз. Осы сынды ақтаудың, қорғаштаудың кесірінен қызымыз сөз қаратпай, ұлымыз талай қатерге ұрынып өсіп келеді.

Мұны аудандық ішкі саясат бөлімі назардан қалдырған емес. Ескерту жұмыстарын жүргізіп, ата-аналарымен жиналыс өткізгеннен бәрі жақсы болмады. Қысқасы нәтиже жоқ деуге болады. Енді өзгеше бағытта іске кіріскен олар еркін түрде жүздесулер, оқушыларды қызықтыратын шаралар өткізуді қолға алды. Осы орайда бастаманың сәтті шыққанын жасыра алмаймыз.

FB_IMG_1702097197476

Шараны бастаған ардагер ұстаз, сөзге шешен, іске мығым Гүлнар Қайырлиева өзіндік қабілетімен оқушылар мен студенттерді баурап алды. Ол кешті жасанды яки алдын ала дайындалған сөздерсіз жүректен шыққан жанашырлық лебізмен жүргізді.

- Қағазға қарап, баяндамадағы сөздерді оқығым келмейді. Бұл осында жиналған сіңлілерімнің жүрегіне жетпейді. Біздің мақсат осы шарадан соң тым болмағанда бір өнегені саналарыңызға тоқыту. Жарқын болашақ сіздердің қолда. Сол үшін нағыз қазақ қызына тән ибамен, әдеппен бой жетсеңіздер екен. Түрлі сырттан келген зиянды әрекеттерге әуес болмай, қанға сінге қасиетті сақтап қалсаңыздар екен,- деп асқан мейіріммен сөзін бастады.

FB_IMG_1702097210097

Содан соң А.Оразбаева атындағы негізгі орта мектептің оқушылары көлеңкелі көрініс қойды. Сәбидің дүниеге келгені, еңбектегені, тәй-тәй басқаны ақ матаның арғы жағында бейнеленді. Оқушылардың қиялына сүйсініп, тағы да тәрбиенің бастауында ана тұратынын ұқтық. Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сағынғалиева Гүлшат та ой қосып, кейін сан соғып қалмас үшін тәрбиені мектеп қабырғасынан бастау керектігін жеткізді.

Сонымен қатар М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің өндірістік оқыту шебері Гүлзия Хамиева ерте жүктіліктің салдарын түсіндірді. Тақырыпты ашу үшін бейнеролик көрсетіп, өз пікірін тайға таңба басқандай анық айтты.

 

Ерте жүктіліктің алғышқы сатысында жаман әдеттердің тұрғанын көз жұмулы, қол байлаулы тұрса да, білеміз. Т. Жароков атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің әлеуметтік педагогы Гүлмаржан Қайырбекова "Қаракөзім, саған жаман әдеттер жараса ма?" тақырыбында түрлі мәселелерді қаузады. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың тұшымды ойларын ортаға салып, қазақ қызында болуы тиіс қасиеттерді жан-жақты талдады. Бір сөйлесе, сай-сүйекті сырқыратын жазушы, қоғам қайраткерінің оралымды ойларды көпті тебірентті.

FB_IMG_1702097200194

Содан кейін №1 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсезім Мақсотова "Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар" тақырыбын ашып, жасөспірім қыздардың махаббатқа мұқият қарауын, ойнап жүріп от баспауын тіледі.

Жүзден астам оқушы қыз қатысқан жүздесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жанар Сыдықова, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары Меңдігүл Қуанәлиева, "Жәнібек әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Елемесова, аналар кеңесінің мүшесі Гүлзина Сағадетова, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Мөлдір Әбдірешева да ортадан табылып, өз пікірін қосты. Ләззат Айтқалиқызы:

- Қыз тәрбиесін шұғыл түрде қолға алуға тиіспіз. Мүлде өзгеше бағытта шаралар өткізу жоспарға енді. Келесі апта жалпы әйелдер жиналысы өтеді. Қоғамның тәрбиесіне, отбасы құндылықтарына атсалысайық,- деді өз сөзінде.

FB_IMG_1702097207022

Қатысушылардың шарадан тарқағысы келмегені соншалық көкейдегі сұрақтарын қойып, өз өнерлерін ортаға салды. Соңында оқушы Гүлсайра Қисақызы жырдан шашу шашып, туризм, мектептен тыс жұмыстар орталығының оқушылары Гүлім Биғали мен Нұрлы Отарғали ән шырқады.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале