«ΑΜΑΝΑΤ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев аудан әкімдігінде Жәнібек аудандық құқық қорғау органдарымен кездесу өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудан прокуроры Асқар Мереке, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мейрамхан Бапахов, құқық қорғау, төтенше жағдайлар және білім беру бөлімінің мамандары қатысты. Күн тәртібінде қоғамдық қауіпсіздік, түнгі уақытта алкогольді өнімдердің сатылуы мен қызмет көрсететін ойын-сауық орталықтары мен тамақтану орындарында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүруі, құқықбұзушылықтың алдын алу, әйел мен бала құқығы және балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қысқы жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан орын алатын жағымсыз жайттар хақындағы мәселелер қозғалды.
Аудандық полция бөлімінің басшысы Мейрамхан Темірханұлы алдымен өз саласына қатысты жалпы ақпарат беріп өтті.
-Қазіргі уақытта ауданымызда барлығы 59 азық-түлік дүкені бар. Түнгі мезгілде қызмет атқаратын ойын-сауық орталықтары жоқ. Дегенмен, аталған кезеңде ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлімімен (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) 1 хаттама және Кодекстің 463-бабымен (тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу) 5 хаттама толтырылды. Яғни рұқсат қағазсыз үйден арақ-шарап өнімдерін сатумен айналысқан 5 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қабылданған профилактикалық іс- шаралар нәтижесінде масаң күйде жасалған қылмыстар 6-дан 3-ке, көшеде жасалған қылмыстар 2-ден 1-ге төмендесе, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар мен топтасып жасалған қылмыстар және жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстар тіркелген жоқ. Ал тұрмыстық зорлық бойынша 2 қылмыс тіркеліп отыр. Құқықбұзушылықтың алдыналу және бопсалаушықты анықтау мақсатында білім беру ұйымдарында әртүрлі тақырыптарда дәрістер оқылып, сауалнамалар жүргізіліп, бірқатар үлкенді-кішілі шара өтті, - деді.
Бүгінгі таңда қоғамның басты мәселесіне айналып отырған әйел мен бала құқығын қорғау жөнінде баяндаған «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова өзі басқарып отырған бірлестіктің жыл бойына атқарған жұмыстарының да қорытынды есебін берді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Берік Испенбетов те жыл бойына атқарылған жұмыстар жөнінде баян етіп, туындауы мүмкін екі мәселеге тоқталды.
-Аудан аумағы арқылы 95,6 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолы өтеді. Оған «ҚазАвтоЖол» АҚ №41 учаскесі қызмет көрсетеді. Базасы Казталов ауданының Жалпақтал ауылында орналасқан. Сәйкесінше, қысқы (көктем) мезгілдің кейбір уақыттарында құтқару жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауылдық округтердің көліктерін тартуға тура келеді. Оның шешімі аталған АҚ-ның тағы да бір филиалын аудан орталығынан ашу. Сонымен бірге қазіргі таңда «Казталов-Жәнібек- РФ шекарасы» және «Өнеге-Сайхын» республикалық маңызы бар автожолдың құрылысы аяқтала келді. Тиісінше жол-көлік оқиғаларының көбейеді. Мәселенің шешімін табу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізумен шектелмей, Өнеге елді мекенінде «Күрежол медициналық құтқару пунктінің» филиалын ашу керек болады, - деді Берік Қаметұлы.
Кездесу барысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев те балалар мен жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі, аудандық прокуратура және тағы басқа бөлім қызметкерлерімен бірлесе атқарған жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.
Отырыс соңында айтылған барлық ұсыныс талқыланды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы