Бүгін Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов, облыстық аймақтық сайлау комиссиясының мүшелері Фархад Хайретдинов пен Райымбек Нұрекешов келді.
Олар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысымен танысып, мүшелерімен пікір алмасты. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарқын Хайырлиев сөз алып, мақсаттар мен міндеттерді жеткізді. Жиынға ұласқан еркін бағыттағы жүздесуге аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, төраға орынбасары Руслан Нұрәлиев, хатшы Гүлмира Есниязова және мүшелері Алтай Бақтығалиев, Миранбек Ибатов, Арман Түйебаев пен Эльмира Қаратаева қатысты. Әділ Тауфиқұлы сөз алып, сайлау жұмысының маңызын айшықтады.
Халықтың ақ батасын алу үшін олардың әр пікірімен санасып, берген дауыстарына жауапкершілікпен қарағани жөн. Осы орайда ол «бармақ басты, көз қысты» мінезден арылып, белді бекем буып іске кірісу керектігін жеткізді. Жарқын Ғинятұлының төрағалық қызметке келгеніне көп болмаса да, мақсаты – айқын. Өз кезегінде ол комиссия мүшелерімен таныстырып, өз ұсыныстарын жеткізді. Жақсылық Каримоллаұлы былтыр жүзеге асқан келелі жұмыстардың тінін тарқатып, аудан әкімдігі әрдайым аудандық аумақтық сайлау комиссиясына қолдау білдіретінін айтты. Сонымен қатар жиында Әділ Жоламановтың екпін түсіре жеткізгені біліктілікті арттыру болды.
- Халықпен тығыз байланыс орната жасайтын жұмыс болған соң баршаңыз ең бірінші Ата Заңды білуге тиіссіздер. Сауатты болу – сайлау жұмысының ең басты міндеті. Сондай-ақ елмен байланыс жасау кезінде мәдениетті ұмытпаңыздар. Мұның барлығы біліктілікті талап етеді. Көбірек біліктілікті арттыру оқуларына қатысып тұрғандарыңызды қалаймын,- деді Әділ Тауфиқұлы өз сөзінде.
Аудандарды аралап, сайлау жұмысын зерделеп келе жатқан басшылар жиыннан соң аудандық аумақтық сайлау комиссиясына тиесілі бөлмелердің сапасын көрді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы