Жәнібек ауылындағы «Әлем» орталық базарында ауыл тұрғындары үшін шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге Ұзынкөл ауылдық округінен «Бірлік» шаруа қожалығы (жетекшісі Арман Елемесов) трактор тіркемесімен - 240, «Мөлдір» ШҚ (Серік Аманғалиев) «ГАЗ-53» автомашинасымен - 200, Тау ауылдық округінен «Сұңқар» ШҚ (Таңат Сариев) «ЗиЛ-131» автомашинасы тіркемесімен - 450, Қамысты ауылдық округінен «Прашев» ШҚ (Ғилым Прашев) «МАЗ» автомашинасы тіркемесімен 500 теңдеп буылған және Ұзынкөл ауылдық округінен «Серік» шаруа қожалығы (Ержан Сәрсенғалиев) «КамАЗ» автомашинасы тіркемесімен 36 шиыршықтап буылған шөп әкеліп, теңдеп буылғанын 350-450 теңгеден, шиыршықтап буылғанын 4 мың теңгеден саттыққа шығарды.
Ертеңгі сағат сегізден бастап базарға жиналған тұрғындардың 150-200 теңдеп буылған шөп алатындары қамтылып, одан көп алатындары келесі рейске қалдырылды. Жәрмеңке алдағы уақытта да Жәнібек ауылдық округі арқылы ұйымдастырылатын болады.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz