10.07.2025, 9:00
Оқылды: 123

Жәнібекте су шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Жәнібек ауданында «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде салтанатты іс-шара өтті.

image-09-07-25-02-11 (1)

Аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов пен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиев сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап қайтты. Құттықтау барысында Мирболат Бауыржанұлы су ресурстарын ұтымды пайдалану, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық тепе-теңдікті сақтау бағытында су шаруашылығы қызметкерлерінің сіңіріп жатқан еңбегі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар аталмыш саланың аудан үшін маңыздылығына ерекше тоқталып, алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын табатындығына сенім білдірді.

image-09-07-25-02-11-1 (1)

Айтқандай, мереке қарсаңында мекеме ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайы жасалды. Он жеті жыл жөндеу көрмеген мекеменің іші жарқырап, көрген көзге қуаныш сыйлағаны рас. Бұл осы мекемеде қызмет атқаратын мамандардың еңбекке деген ынтасын арттырып, жұмыс сапасына оң әсер ететіні сөзсіз. Одан бөлек «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық мекемесімен бірге бір шаңырақтың астында жеке нотариус Алмагүл Исабекова және «Алтын жіп» тігін шеберханасы бар. Мирболат Бауыржанұлы Алмагүл Серікбайқызына да арнайы кіріп шығып, жаңа ғимаратқа көшкен маманның қуанышына ортақтасты.

image-09-07-25-02-11-3

Құттықтау барысында «Жолаушы» МКМ басшысы Салтанат Темірғалиева аудан басшылығына көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін алғыс білдіріп, мекеме атынан ризашылығын жеткізді. Ол ұжымның алдағы уақытта да кәсіби міндеттерін абыроймен атқара беретінін айтты. Жиын соңында мекеменің бас маманы Жанаргүл Ибрашева, ұзақ жылдар мекемеде елеулі еңбек атқараған трактор жүргізушісі Асан Қалеменов, сантехник Темірболат Шаққалиевке аудан әкімнің алғысхаты табысталды. Құттықтау шарасы жылы әрі мазмұнды кездесу ретінде есте қалды.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале