Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов пен оның орынбасары Жаннұр Ахметов Жақсыбай ауылдық округіндегі Жақсыбай су қоймасына барды. Су қоймасының ұзындығы екі шақырымды құрайды. Биыл су қоймасының жағалауы 3 метрге дейін биіктетілді.

Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаевтың айтуынша, екі жүздің үстінде құм толтырылған қаптар, техникалар мен қайық, дизель отыны дайын тұр. «Биыл ауылды су басу қаупі төмен» - деді ауыл әкімі.

Сонымен қатар аудан басшысы Талов ауылдық округінде болып, су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтады.

Ауыл әкімі Асқар Сәрсенғалиев те су тасқынын алдын алуға дайын екенін жеткізді. Бес жүзден аса құм толтырылған қаптар әзір тұр.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың наурызында күн күрт жылып, қар тез еріп, Жақсыбай ауылының бірнеше үйін су басқан еді. Содан кейін жыл сайын аудан, ауыл әкімдіктері бұл мәселеге баса назар аударып келеді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы