8.11.2024, 18:00
Оқылды: 9

Жәнібекте су жаңа медициналық пунктке маман қажет

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисеновтың ауылдық округтерге барып, халықпен кездесуі Жақсыбай, Талов және аталған ауылдық округке қарасты Майтүбек елді мекенінен басталды.

attachment (2)

Кездесудің басында сөз алған Мирболат Бауыржанұлы тұрғындардың хал-ахуалын сұрасып, артынша аудан бойынша атқарылған және жоспарланған жұмыстар жөнінде баян етті. Кейін ол ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға бөлім басшыларымен бірге жауап берді.

Алдымен Жақсыбай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Дуитов «Өзге ауылдардағы тұрғын үйлердің құрылысы бір-екі айда бітіп жатыр, бізде ауыл шетінде орналасқан екі тұрғын үйдің құрылысы бірнеше жылдан бері тұралап тұр, қашан пайдалануға берілетіндігін нақты айтсаңыздар», - деп өз сұрағын аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевке жолдады. Манарбек Таңатарұлы аудандық жұмыс тобын құрып, реніш болмау мақсатында ауыл әкімшілігімен байланысып, сол топқа бірнеше ауыл белсенділерін қатынастыра отырып, құрылысы аяқталған сәтте қабылдап алуды жоспарлап отырғандарын айтты.

attachment (8)

Сонымен қатар ауылішілік жолдарды ашына айтқан ауыл ақсақалының уәжіне жауапты бөлім басшысы алдыңғы мердігермен жүргізілген келісім шарттың белгілі себептермен бұзылуына байланысты алдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында жол құрылысы жұмыстарын жүргізуге қайтадан конкурс жарияланатындығын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Нұркен Закарин мен мәдениет үйінің меңгерушісі Назымгүл Бақтыгереева соңғы жылдарда құрғақ уәдемен құтылып жүрген тақырып болған ауыл әлеуетін арттырудағы маңызы зор мәдени-спорттық кешеннің құрылыс жоспары мен басталу мерзімін және ол кешенде балалар ойын алаңының болуы турасындағы сұрақтарын қойды. Аудан атқамінерлерінің сөзіне сүйенсек, келер жылда кешеннің құрылысы басталмақ, ал балалар ойын алаңы оның жоспарында жоқ екен. Айтқандай, Жақсыбайда жақын арада жаңа медициналық мекеме салынып, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа кенелген болатын. Ендігі мәселе күндізгі стационар бөлімінде ем алуы тиіс тұрғындардың көршілес Таловқа баруы тиістігінде. Ауылдық емхана жоспар бойынша әлгіндей ем алу шараларына қажетті керуеттермен жарақтанбаған. Осы мәселені тілге тиек еткен ем алушыларға аудан әкімі орынбасарының жауабы мынадай: «Қос ауылдың арасындағы жолдың жайы белгілі. Жасы келген егде адамдарға Таловқа барып ем қабылдап келіңіз деп айта алмаймын. Бірнеше керуеттің жарасы жеңіл, бірнеше күнде керуеттер керек төсек-жабдықтарымен бірге жеткізілетін болады». Сонымен бірге көпшіліктің көңілінде жүрген тозығы жеткен су құбырларын реконструкциялау жұмыстары мен Жақсыбай су тоғанындағы суды ұстап қалу мақсатында жанындағы топырағын көтеріп, нығайту жұмыстары бойынша сұрақтар болды. Су құбырларын жаңалау бойынша жұмыстардың жобасының өзі тек келер жылы басталады.

attachment (9)

Әрі қарай қалай өрбитінін халық өзі бағамдай жатар. «Артылған суды ұстап қалу бойынша алдағы жылы «Жақсыбай-Сарыөзен» каналын қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды атқарып жатқан мердігер «Құрылысгаз» ЖШС су тоғанындағы суды ұстап қалу мақсатында тоған жанындағы топырағын көтеру, нығайтуға келісімін берді», - деді Манарбек Әдиев.

Ал майтүбектік ағайындар су жаңа медициналық пункттері болғанымен медициналық қызмет көрсететін қызметкердің болмауына байланысты егде жастағы адамдардың жол тауқыметін тартып Таловқа баруына тура келетіндігін айтып, аудан әкімдігінен медициналық білімі бар маман жіберуін сұрады. Жол тауқыметі демекші, Таловтан Майтүбекке барар жолдағы «Плотина» деп аталатын бұрма жолды аз да болса жақсарту мақсатында уақытша қиыршық тастар төсеу керектігін жеткізді.

Айтқандай, жуырда жаңа ауыл әкімін сайлауға қамданып жатқан Талов ауылының тұрғындарына да жем-шөп тасымалдау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале