Мереке күні Жәнібек ауданында тағы бір кәсіпкерлік нысан ашылды. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты ұтып алған Ләззат Айтасова «Ләззат» сұлулық салонының есігін айқара ашты.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев: «Мемлекет жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөліп, қайтарымсыз несие бөлуде. Міне, бүгін жақсы жаңалықтардың куәсі болып отырмыз. Жастар санаты бойынша өз кәсібін бастағалы тұрған Ләззат Бейбітқызының ісіне тек сәттілік тілейміз», - деді.
Өз кезегінде Л.Айтасова аталмыш іске қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық ішкі саясат бөлімі, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен тума-туысына алғысын білдірді.
Сұлулық салонның лентасын еңбек ардагері Наталья Сажина мен нысан иесі қиды. Л.Айтасова 1 млн 225 мың 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қатысып, өз бизнес жобасын ұсынған болатын. Оның айтуынша, нысанды ашу үшін қосымша 500 мың теңге шамасында ақша жұмсалды. Бүгінгі таңда, салонда әйел мен ерлердің шашы қиылып, әйелдерге арналған қызмет түрлері көрсетілетін болады. Сонымен қатар, қосымша екі жұмыс орын ашылуда.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы,
zhaikpress.kz