Бүгін ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеген, баланы сурет пен қолөнерге баулып жүрген, ауданға, облысқа танымал суретші, қолөнер шебері Төлебек Есімғалиевтің зейнеткерлік жасқа толуына орай «Өнермен өрілген өмір, отбасымен кемелденген ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.

Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде суретшінің өз туындыларынан жасақталған көрме барша жиналғандарға таныстырылды. Әрмен қарай шара көрермен залында жалғасты. Led-экраннан Төлебек Шұғайұлының өмір жолы көрсетіліп, фотосуреттерден жасақталған бейнематериал назарға ұсынылды.

Өнер мен тәрбиені тоғыстырған ардақты әке, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Төлебек Шұғайұлымен сыр-сұхбат өтіп, естеліктерден құралған әңгіме өрбіді.
Төлебек Есімғалиевтің алғашқы парақ беттеріне сурет салуға қызығушылығын ашқан ұстазы Мардан Саттаров болатын.

Төлебек Есімғалиев Күйгенкөл ауылының тумасы. Оқушы кезінде ол ауылға келген суретші Мардан Саттаровтың сурет салу шеберлігіне тамсана қарап, өз бойындағы қабілетке дем беріп, шабыт сыйлаған бірден бір жан. Төлебек Шұғайұлы тек білікті ұстаз, өнерлі азамат емес, сонымен қатар ол отбасында қамқор әке. Қызы Нағима мен баласы Нағим бейнеүндеу арқылы әкелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кету керек, Нағима Дубай елінде дизайнер-әрлеуші қызметін атқарып жүрсе, Нағим аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығында сурет салудан сабақ береді.
Кеште Төлебек Есімғалиевтің замандастары, әріптестері мен шәкірттері оның парасатты болмысына, еңбексүйгіштігіне, өнерге деген адалдығын айтып, естеліктерімен бөлісті. Солардың қатарында әріптесі, шәкірті Самиғолла Лұқпанов, сыныптасы Гүлбаршын Нұрышева, шәкірті, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Аяулым Ғаділболат ақжарма тілектерін жеткізіп, естеліктерін қоса айтты.

Кешке арнайы қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов аудан әкімі Тимур Шиниязовтың атынан құттықтаухат табыстап, иығына шапан жапты. Аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының директоры Есенгелді Жексенов құттықтаухатпен бірге кәсіподақ ұйымы атынан «Сарыағаш» шипажайына жолдама табыстады. Аудандық мемлекеттік архивінің директоры Меңдігүл Фазылова «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып істеп жүрген кезінде мақала жазып, суретшіні дәріптеген болатын. Кеш барысында ол сөз алып, ұстаз бен оның зайыбы Тұрсын Сұлтанқызының отбасына амандық тілеп, жып-жылы тілегін білдірді. Сол сияқты аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Жанар Жұмалиева аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің құттықтаухаты мен ақшалай сыйлығын табыстады.

Шығармашылық кеш барысында ауданның әншілері Айшат Хамзина мен Қуаныш Аждуов жанды дауыста әдемі әндерімен тілектерін жеткізді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы