2022 жылы Жәнібек ауданының 100 жылдығында ауданның тумасы, меценат, кәсіпкер Сұлтан Неталиевтің бастамасымен аудан орталығынан «Түлектер саябағы» бой көтерген еді. Аталған жылдан бері Сұлтан Дүйсенғалиұлы ауданды көгалдандыру, саябаққа көшеттер отырғызу, басқа да ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып, қаржылай қолдау білдіріп келеді.
Биыл тамыз айында Орал қаласындағы арнайы тұқымбақпен келісіп, үш жылға саябақты күтіп-ұстауға келісімшарт жасалды. Тұқымбақ иесі тамыз және осы қараша айында келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көшеттер отырғызды. Сонымен қатар аталған саябақты күтіп-ұстау үшін, ай сайынғы еңбек ақысын төлей отырып, Жәнібек ауылының бір тұрғынын жұмысқа қабылдады. Қазіргі таңда қызметке алынған тұрғын саябақтағы теректерді күтіп-баптау жұмыстарына бекітілген.
Сондай-ақ биыл аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейіндегі аллея мен «Түлектер саябағына» арнайы тұқымбақтан әкелінген көшеттер отырғызылды.
Аудан әкімі Тимур Шиниязов саябақта болып, отырғызылған көшеттерді көріп, келер жылы «Түлектер саябағын» дамыту, соның ішінде саябаққа су жүргізу жобасын іске асыруды жоспарлап, аталған жұмыстарды ұйымдастыруды ауыл әкімшілігіне жүктеді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы