Бүгін Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде аудандық орталық кітапхана және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Тылдағы ерлік – үнсіз еңбек» атты тыл ардагерлерімен кездесу өтті.

Онда құттықтау сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов тыл ардагерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық тіледі. Соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек етіп, жеңісті жақындатуға қосқан зор үлестері үшін оларға құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы екенін айтып, алғысын білдірді. Сөз кезегі қамыстылық тыл ардагері Ғабдрахим Әбілкәрімовке берілді.

- Құрметті жиынға қатысушылар! Баршаңызды Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Біз соғыс көрмеген, бірақ соғыстың қиындығын көрген ұрпақпыз. Әкеміз менің бес жасымда Сталинград майданына соғысқа аттаныпты. Анамыздың айтуы бойынша, әкеміз Сайқыннан майданға жаяу кетіпті, оның себебі фашистер шойын жолды бомбалап, эшалондарды жібермеген. Сондықтан олар күндіз жатып, түнде жүріп отырып Сталинград майданына барған. Әкем 1942 жылы Дубовка маңында болған соғыста хабар-ошарсыз кетіп, ауылға «қара қағаз» келген. Міне, содан бері 85 жыл әкесіз өмір сүріп келеміз. Біздер жетім бала, жесір ана, өртенген дала болып қалдық. Көптеген қиындықтар көрдік. Сол үкіметтің жәрдемі мен анамыздың арқасында адам болып, ел алдында шамамыз келгенше еңбек еткен ұрпақпыз. Қазір қартайдық, отыз жылдан бері зейнет жасындамын, үйде отырған жайым бар. Ардагерлерді құрметтеп, еңбектерін ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан аудандық ардагерлер ұйымына рахмет айтамын, - деді ол.

- Сексен жылдық мерейтойға шақырған ардагерлер ұйымына алғыс айтамын. Соғыс кезіндегіні бір он-он бес минутта айтып жеткізу мүмкін емес. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпаққа көрсетпесін. Менің туып-өскен жерім - «Алғабас» деген ұжымшар. Палласовка мен Кайсацкінің ортасында тоғыз шақырымдай беріректе тұрды. Ұжымшар былай жаман болған жоқ, қой және сиыр фермасы болды. Соғыс басталғанда төрт-бес жастағы баламыз. Мені осындағы балалар үйіне беріпті. Сәумен ағай директор, осында екі жыл болып, неге екенін білмеймін, 1943 жылы ауылға қайттым. Сонда көре жақты көрдік, балалар әйелдермен бірдей жұмыс істеді. Фермада қойды қосақтап балалар сауды, соның сүтін ішіп, рояльдің үлкендігіндей жабдық болды, сонымен брынза жасап соғысқа жібереді. Менің мамам сиыр фермасында сауыншы болды. Онда да тортасынан айырған майды майданға жіберіп, қалған майдың суы мен көк сүтті жұмысшыларға литрлеп бөліп береді. Даладан көк жуа мен дала картобын теріп, өз күнімізді өзіміз көрдік. Жасыратыны жоқ, адамдар тышқан аулап күн көрді ғой. Көктем уақытында інге су құйып тышқан аулаймыз, сондай күндердің бірінде ортаңғы саусағымды тышқан тістеп алып, содан тыртық қалған. Соғыстан келмеген әкемді, ең болмағанда түсімде көрсем, мені құшағына алып, қызым деп маңдайымнан сүйсе екен дедім. Сөйтіп, сексен жыл әкемді армандаумен, сарылумен осы күнге келдім, әлі күнге жүрегім ауырады. Айта берсе көп қой. Енді соғыс болмасын, балалар әкесіз қалмасын. Әкенің қадірін біз білеміз. Еңбекпен қайнап өстік, Аллаға мың сан рахмет, үкіметке рахмет аштан өлтірген жоқ. Аман болайық, азаматтар аман болсын, - деді өз сөзінде еңбек ардагері Самиға Қайырова.
Өз кезегінде «Ардагерлер ұйымы» аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев тыл ардагерлері Ғабдрахим Әбілкәрімов, Самиға Қайырова, Ақылима Баянтасова, Дәметкен Шобанова және Светлана Владимировнаға Жеңіс күніне орай құттықтау хат пен бағалы сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті.
Сонымен қатар Амангелді Мырзағалиұлы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты ардагерлер арасында тоғызқұмалақ, дойбы және шахматтан өткен турнирде жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды марапаттады. Атап айтқанда, тоғызқұмалақтан алғашқы үштікті тиісінше ұзынкөлдік Санызбай Қауенов, Шынтемір Рамазанов, Ерназар Өтеғалиев иеленді. Дойбыдан жүлделі орындар Еслям Әміров, Ерлан Өтешев, Қаршыға Әбдірешевке бұйырды. Ал шахмат «шайқасында» Серік Масанов, Батый Есмұхамбетов және Шынтемір Рамазановтың мерейлері үстем болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова да құттықтау сөз сөйлеп, бірлестіктің атынан тыл ардагерлеріне сый-сияпатын ұсынды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы да бұл шарадан шет қалмай, тыл ардагерлеріне өзерінің бағалы сыйлықтарын тапсырды.

Шара барысында аудандық демалыс орталығының қызметкері Қуаныш Аждуов «Боздақтар», Асылан Боранбаев пен Қуаныш Аждуов «Майдангерлер» әнін көпшілікке тарту етсе, Т.Жароков атындағы орта мектептің бір топ мұғалімі соғыс жылдарынан өлеңдер оқыды.
Асқар Құсайынов
Жәнібек ауданы