8.12.2020, 14:43
Оқылды: 22

Жәнібекте үйі өртенген отбасыға көмек көрсетті

27 қазан күні аудан орталығындағы Ш.Шарафутдинов көшесі 5/2 үйінде өрт шығып, 4 баланың анасы көз жұмған болатын.

IMG_0693

Марқұмның жұбайы Жасұлан Ғайнуллин 4 баламен қиын жағдайға тап болған еді. Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев отбасыға көмек көрсету шараларын шұғыл түрде қолға алды. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия қиын жағдайға тап болған отбасыға мәжбүрлі түрде уақытша баспана беруге шешім қабылдады. Осыған орай аудан басшысы Азамат Сафималиұлы Жасұлан Ғайнуллинге Д.Нұрпейісова көшесі 42 үйдің кілтін табыстап, жылы лебізін жеткізді.

IMG_0691

- Аталмыш үйдің бұрынғы иелері – мүмкіндігі шектеулі жандар болған. Жақын арада олар Орал қаласына көшіп кетті. Баспананы ағымдағы жөндеуден өткізіп, зардап шеккен отбасыға беруді жөн көрдік. Тұрғын үйге кезекте тұрған тұрғындар түсіністікпен қарайды деген ниеттеміз, - деді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жарқын Хайырлиев.

- Қазір балаларым Бөкей ордасы Сайқын ауылында тұратын нағашы әжелерінің қолында. Өрттен кейінгі үй қиын жағдайда. Сол себептен балалар әзірге сонда. Бұйырса, оқу жылының екінші тоқсаны аяқталғаннан кейін қасымда болады, -деді Жасұлан.

IMG_0686

Айта кетейік, өрттен зардап шеккен отбасыға уақытша баспана берілді. Өртенген үйді жөндеуге біраз қаржы керек. Асарлатып, қолдау көрсетейік!

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале