Ғұмар Қараштың 150 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен, ұлттық спорт түрлері федерациясы және атбегілердің ұйымдастыруымен атшабар алаңында дала қызықтары өтуде. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Тимур Шиниязов жиналған жұртшылықты құттықтап, сөз сөйледі, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Құрметті аудан қонақтары Қадірменді жерлестер! Баршаңызда Жәнібек жеріне қош келдіңіздер. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап алды. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайта қауышты. Осыған орай көрнекті ақын, ойшыл философ Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай ауданымызда өткізіліп жатқан шаралар дала қызықтарымен жалғасын табуда.
Аталып өткізгелі жатырған бүгінгі сайыстар салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындарды кеңінен бұқаралық спортқа тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда. Халқымыздың салт-дәстүрлерін, рухани құндылықтарын насихаттап,
оларды кеңінен тарату мақсатында ауданымызда өткізіліп жатқан бұл дүбірлі додаға облыс аумағынан көптеген спортшылар қатысып, спорттық ойындар мен сайыстарда өз өнерлерін көрсетіп, кәсіби шеберліктерін шыңдайтын болады.
Сондықтан, жарысқа қатысушы барша спортшыларға зор сәттіліктер тілей отырып, асқан шеберлік, жақсы өнер көрсеткен спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін демекпін! - деді аудан басшысы.

Құттықтау сөзінен кейін аудан басшысы демеуші болып жатқан азаматтар мен шаралардың жоғарғы деңгейінде өтуіне атсалысқан азаматтарға мерекелік төсбелгілерді табыстады.


Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы