Жаңару мен жаңғырудың символына айналған ұлттық мейрамымыз Әз-Наурыз қарсаңында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында зияткерлік ойындар бойынша ауданымызда аймақтық турнир басталды. Үш ауданның ақсақалды алып бәйтеректері сынасатын турнирдің ашылу салтанаты аудандық ардагерлер үйінде өтті.
Облыстан арнайы келген «AMANAT»партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев алғы сөзін сөйлеп, ардагерлерімізді келе жатқан ұлттық мерекемен құттықтады.
Жылы лебізінде ауданымыздың өзі үшін аса ыстық екенін жеткізген ол турнирдің басты мақсаты жеңімпаздарды анықтау емес, ардагерлерге құрмет көрсетіп, жақсы демалыс ұйымдастыру деді. Көршілес Бөкей ордасы, Казталов аудандарынан келген үлкендеріміз бен облыстан келген атқамінерлерді ұйымның жұмысымен, жетістіктерімен таныстырып өткен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев қонақтарға «қош келдіңіз»айтып, Азамат Сафималиұлының сөзін жалғады.
Еске сала кетейік, зияткерлік ойындар бойынша аймақтық турнирде ардагерлер тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындары бойынша сайысқа түсуде.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы