4.10.2024, 19:00
Оқылды: 9

Жәнібекте ұстаздарға құрмет көрсетілді

Ұстаздар күні – бұл білімнің бастауы саналатын ұстаздарға құрмет көрсетіп, олардың еңбегін ерекше атап өтетін күн. Мерекеге орай Жәнібек ауданы орталығында Т.Жароков атындағы орта мектебінің акт залында «Ұстазым, ұлағатым үлгі-өнегем!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
image-04-10-24-03-27-9
Аталған концертте ауданымыздың білім саласына зор үлесін қосқан ұстаздар қауымы мен бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарымыз ұлықталды. Шара басталмас бұрын мектеп ұжымы ұйымдастырған оқушылар мен ұстаздар жұмысы және қосымша үйірмелерде жасаған қолөнер бұйымдарынан тұратын көрме назарға ұсынылды.
image-04-10-24-03-27-1
Білім мен тәрбиені ту еткен құрметтілерімізді әрдайым биікке көтеріп жүруді жадынан шығармайтын аудан әкімі Тимур Шиниязов аталмыш шараға арнайы келіп, барша ұстаз қауымына құттықтауын жеткізді.
«Құрметті ұстаздар! Ардақты білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Қазіргі заманда білім деңгейі жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алады. Сондықтан білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелестік қабілетіне ықпал ететін аса маңызды сала. Ал сол білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін!», - деді ол құттықтауында ол.
image-04-10-24-03-27-6
Аудан әкімі аталмыш салаға сүбелі үлесін қосқан бір топ ардагер мен ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаз қауымына құттықтау хаты мен гүл шоғын табыс етті. Сонымен қатар ардагер ұстаздар Қобыланды Қошмұхамбетов пен Шолпан Наурызғалиеваға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі атынан алғысхат табыстады.
Әрмен қарай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекет Әліпқалиев бастаған бір топ игі-жақсылар сөз алып, жүрекжарды лебіздер легін жалғады.
Кеш ұйымдастырушылары ұстаздар қауымына өздерін қызықтырған сауалдарын жолдады. Бірін осы жолды таңдауға негіз болған адамдар мен оқиғалар қызықтырса, бірін мұғалім болу үшін адам бойынан табылуы тиіс қасиеттер толғандырды.
image-04-10-24-03-27-4
Аудан жастары атынан аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы Меңдіхан Халиханов пен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Кәрімов сөз сөйлеп, ұлт тірегі – ұлағатты ұстаздарға деген құрметтерінің биік екендігін жеткізді. Шара барысында мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас өрендер ұстаздарға деген ілтипаттарын сазды сәлемдемелері арқылы жеткізіп жатты.
image-04-10-24-03-27
Кеш соңында ардагер ұстаздарымыз аудан әкімдігі мен мектеп ұжымына, барлық қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале