1.10.2023, 20:03
Оқылды: 120

Жәнібекте халықаралық қарттар күні атап өтілді

Халықаралық қарттар күніне орай Жәнібек аудандық мәдениет үйінде "Салт-дәстүрін сақтаған асыл әжелер" атты тағылымды шара өтті. 

FB_IMG_1696164073016

Залда бос орын болмауының өзі аудан тұрғындарының, әсіресе жастардың аудандағы қарттарға деген құрметі мен сыйластығының белгісіндей.

FB_IMG_1696164062441

Мәдениет үйіне алтын уақыттарын бөліп келген көрермендерді ауылдық округтерден жиналған әжелер ауылдың дәмін ұсынып, қарсы алды. Мерекелік концерт басталмас бұрын аудан әкімі Тимур Шиниязов пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов асыл әжелермен әңгімелесті.

FB_IMG_1696164055818

Олардың қолөнер туындыларын көріп, ауылдың ұйытқысы болған әжелердің өнеріне жоғары баға берді. Ұлттық бұйымдар мен тағамдар туралы кеңірек ақпарат беріп, кештің бастамасының көркін қыздырды. Әрмен қарай өзгеше бағыттағы мерекелік іс-шара басталып, аудан басшысы Тимур Серікұлы тілегін арнады.

- Халықаралық деңгейде атап өтілетін бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор. «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол болар» деген қазақ әр уақытта қарттарын құрметтеп өткен ұлт. Шаңырақта ақылы мен нақылын ұштастырып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұрпақ қызығын көріп отырған ата-әжелерімізді көру бір ғанибет. Расында, ардагерлер – еліміздің алтын қоры іспетті. Өмірде және өздері қызмет еткен салада тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Аудандағы қандай да жұмыстар қариялардың ақыл-кеңестерімен жүзеге асып отыр,- деген аудан әкімі мерекемен құттықтап, қариялардың деніне саулық тіледі.

FB_IMG_1696164083350

Әдемі тілектен кейін Тимур Серікұлы әжелер ансамбліне және 90 жылды еңсерген Қамысты ауылының тұрғыны Күләш Ғиззатоваға камзол жауып, құттықтау хат табыстады.

Сахна шымылдығы Шынар Қаюпованың орындауындағы «Асыл әжем» әнімен ашылды. Орындаушының әсерлі әнді көрініс арқылы жеткізгені көптің көңіліне жылылық ұялатты. Сахна төрінен орын алған қос жүргізушінің сөздері жүректен шығып, жүректерге жетті. Олай деуімізге олардың жауыр болған жаттанды сөздерді айтпай, ата-әжелеріміз сынды мақалдап һәм мәтелдеп сөйлегені дәлел.

FB_IMG_1696164053432

Заман ағымымен ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүр қайта жанданып, аудан тұрғындарының көз алдында салтанат құрды. Кештің басты мақсаты да ежелден ұлттық құндылығымызға айналып, кезеңдерге жұтылып кеткен дәстүрді насихаттау болатын. Ел алдына шыққан аудандық «Асыл арна» әжелер ансамблі төркіндеу көрінісін қойып, қыздың ұзатылғаннан кейін төркінге келу салтынының маңызын жан-жақты ашты.

FB_IMG_1696164076156

Тау ауылынан келген «Ақ әжелер» ансамблі бауырынан табақ жүгірту, Ақоба ауылынан келген «Ару ана» ансамблі киіз басу рәсімін көрсетті. Борсылық «Зерденің» әжелері өңір салу дәстүрін дәріптеп, Күйгенкөл ауылының әжелері диірменнен бидай тартуға жаңа өмір сыйлады десек те болады. Көрермендер Қамыстының «Күншуақ» әжелер ансамблінің арасында 90 жастағы Күләш әженің болғанына таңдай қақты. Әжелер ән шырқап болған соң көпті көрген дана анамыз көрермендердің сұрауымен тағы да ән салды. Сол сәтте мәдениет үйінің іші ыстық ықылас пен шынайы қошеметке толып кетті. Егде тартқан әжелердің сахнаға шығып бір ауыз сөз айтуы оңай дүние емес. Соған қарамастан өздері куә болған, мағынасын жете түсінген қазақтың дәстүрлерін паш еткен әжелер қашан да қолпашқа лайық.

Мерекені айшықтай түсу үшін Асылан Боранбаев «Өзің сәулем», Руслан Хайрушев «Екі жирен» әнін әуелетсе, «Ақмаржанның» бишілері ұлттық биден шашу шашты. Тәлімі мол мерекелік кешті Райымбек Кәрімов «Саржайлау» әнімен түйіндеді. Ауылдардан арнайы келген қарттар дән риза болып, ерекше көңіл күймен тарқасты.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале