Жәнібек ауданында «Жұмыс беруші күні» шарасы өткізілді. Шараға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Жәнібек аудандық филиалының басшысы Жасұлан Басиров, аудандық пошта байланыс торабының басшысы Айнаш Рахмушева, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Шараға жиналғандар колледж жанынан ашылған музейді аралап, білім беру ұйымының тыныс-тіршілігімен танысты. Колледж басшысы Берік Қабделұлы «Жас маман» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Келген қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Жиын барысында аталмыш колледж директорының ОӨЖЖ орынбасары Айдарбек Жұманиязов колледжде атқарылған жұмыстар жайында баяндаса, директордың орынбасары Жансая Әжіғалиева жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасау үшін негізгі нормативтік-құқықтық актілер жөнінде айтты.
Дөңгелек үстел барысында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов өз кезегінде әртүрлі жобаларға кеңінен тоқталып, жұмыстың барысымен таныстырды.
Дөңгелек үстелде аталған колледждің директоры Берік Ықсанов пен жеке кәсіпкер Ерлан Атаев, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов базалық практиканы мекемелерден өткізу жөнінде келісімшартқа қол қойды.
Шара соңында Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың алғысхатымен жеке кәсіпкерлер Есқайыр Елемесов пен Светлана Исаева марапатталды. Сонымен қатар аталған колледж директорының алғысхаты Үміт Миронқызына табыс етілді.
Лаура Халина,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz