11.02.2025, 18:00
Оқылды: 265

Жәнібекте «Жұмысшы мамандықтары жылының» ресми түрде ашылу салтанаты өтті

2025 жыл елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан» заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», - деп атап көрсеткен болатын.

​Осындай айтулы жылда бүгін М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «Жұмысшы мамандықтары жылының» ресми түрде ашылу салтанаты болды. Ауқымды шараға аудан әкімі Тимур Шиниязов және бірқатар сала басшылары мен колледж қызметкерлері қатысты. ​Алдымен аудан әкімі Тимур Серікұлы колледждің директоры Берік Ықсановпен бірге мекеменің оқу корпусын, жатақханасын, техникалар паркін аралап көрді. Сонымен қатар студенттер дайындаған көрмемен танысып шықты.

​Іс-шара барысында аудан әкімі Тимур Шиниязов «Жұмысшы мамандықтары жылының» маңыздылығына тоқталды.

image-11-02-25-05-23-10

​-Бүгін біз үшін айтулы күн – «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты түрде ашылуы. Бұл еңбектің қадірін арттыруға, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бұл жыл – біздің қоғамның негізін қалаушы, еліміздің  өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарына деген құрметіміздің белгісі.

​Аталмыш жылы аясында ауданымызда түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бүгін міне, өздеріңіз куә болғандай алғашқы шарамызда бас қосудамыз. Бұл шаралар жұмысшылардың еңбегін дәріптеуге, олардың кәсіби өсуіне және әл-ауқатының артуына ықпал етеді деп сенемін.

​Ауданымызда жұмысшы мамандарды даярлайтын бірден бір мекеме – Мұстақым Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі. Аталған білім ордасында 180-ге жуық студент алты мамандық бойынша білім алуда. Білімдерін шыңдаған жастарымыз ауданымыздың түрлі мекемелерінде еңбек етіп, қызмет жолын бастады.

​Ардақты жастар, бүгінгі күні жұмысшы мамандықтары – бұл тек еңбек емес, бұл жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктер әлемі. Заман талабына сай өзгерістерге бейімделген шебер мамандарға сұраныс артып келеді. Қазіргі таңда еңбек нарығы  білікті  жұмысшыларды іздейді.

​Сіздерден еңбекқорлық, табандылық және үздіксіз даму талап етіледі. Әрбір мамандықтың өз құндылығы мен қоғамға тигізер пайдасы бар екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан білім алуға, тәжірибе жинауға және еліміздің дамуына үлес қосуға  шақырамын.

​Жұмысшы мамандықтары жылы – бұл біздің еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, еңбек адамдарының мерейін үстем ететін жыл болсын. Баршаңызға толағай табыстар, зор денсаулық және отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.

image-11-02-25-05-23-14

​Одан кейін ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов, колледждің әлеуметтік серіктесі Нұркен Тұрғалиев, 3-курс студенті Нұрдәулет Бақытқали өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

image-11-02-25-05-23-12

​Шара аясында колледждің «Аспазшы» тобының студенті Дана Махметова «Қазағым» әнін орындады.

​Биыл М.Ықсанов атындағы колледжге 90 жыл толады. Атаулы жылмен тұспа-тұс келген білім ордасында 6 мамандық, 9 біліктілік бойынша 161 студент білім мен тәрбие алуда. Колледждегі педагогикалық қызметкерлер саны 32 адам, соның ішінде 22 мұғалім, 10 адам өңдірістік оқыту шебері.

image-11-02-25-05-23

image-11-02-25-05-23-9

Колледж «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасына қатысушы. Аталған бағдарлама бойынша 2020-2021 жылдары «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

image-11-02-25-05-23-11

image-11-02-25-05-23-1

​ «Жұмысшы мамандықтары жылының» ашылу салтанаты колледждің өндірістік оқыту шебері Абылай Әміровтің орындауында «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.

 

Бану Самат,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале