Жәнібек ауданы орталығында вакцинациялау ісіне жылжымалы медициналық кешен қолданыла бастады. Аудандық аурухананың медициналық автобусы Жәнібек ауылының орталық алаңынан бастап, барлық көшелерін маршрут бойынша аралап шықты. Мұндағы мамандар көпшілікке екпе туралы мәліметпен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жылжымалы кешендегі медқызметкерлердің жұмысын көруге аудан әкімі Азамат Сафималиев те арнайы барды. Ол заманауи кешен ішіндегі қажетті құрал-жабдықтармен танысып, дәрігерлермен тілдесті.
Медицина қызметкерлері иммунитетін күшейткісі келгендерден сауалнама алып, дене қызуын өлшеу сынды тиісті шараларды жүргізді. Ауруханаға бармастан, жұмыс орнында, үйінің жанында екпе салғандар көп болды.
-Бұл бізге өте ыңғайлы болып тұр. Кешеннің жұмыс істейтін мекемемнің қасына тоқтағанын естіп, шыға салып екпемді алдым. Ауруханаға барсаң, кезекте тұруың қажет. Ал мынау тез, - дейді Жәнібек ауылының тұрғыны Ә.Салихова.
Жылжымалы кешеннің мақсаты - егу пунктін халыққа жақын етіп, оларға қызмет жасау. Кешен ішінде вакцина қабылдаған адамның 30 минут бойы бақылауда болуына да жағдай жасалды. Бір күннің ішінде 70 адам екпе алды,- дейді аудандық аурухана директорының орынбасары Ербол Сәрсенғалиев.
Ә.Әбділда,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz