«Қария – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» деп білген қазақ халқы бағзы заманнан үлкенін ардақтаған ел. Жергілікті атқарушы органдардың назарынан тыс қалмайтын аудандық ардагерлер ұйымы жыл басынан бері мән-маңызы зор шараларды жүйелі өткізіп келеді.
Бүгінгі аудандық ардагерлер үйі мен «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында зияткерлік ойындар бойынша ардагерлер арасында өткен аймақтық турнирде татымды шаралардың бірі болды. Бір-бірін көріп мәз болысқан ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз әзілі-шыны аралас тартысып, әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Қорытынды есеп бойынша аймақтық турнирде тоғызқұмалақтан жүлделі үшінші орынды Сансызбай Мағзомов, жүлделі екінші орынды Рафаэль Денгізбаев иеленсе, жеңіс тұғырынан жәнібектік Қасымғали Аманғалиев көрінді.
Шахмат ойыны бойынша Серік Масанов үштіктің үшінші тұғырына шықса, Амантай Жолдыбаев бір адамға ғана есе жіберіп екінші орынға тұрақтады. Патшалар ойынының жеңімпазы Казталов ауданынан келген Қайырбай Алтаев болды. Қазақ даласына XVIII ғасырда келген, алғырлықты талап ететін дойбы ойынында Нұрлан Түменов үздік үштіктен көрінсе, Төлеміс Ғилманов жүлделі екінші орынға жайғасты.
Жерлесіміз Еслям Амиров дойбы ойынның жеңімпазы атанды. Сайысқа қатысқан ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом, медаль және естелік сыйлықтар табысталды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы