Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мекемелер арасында өтіп жатқан «Қаһарман аудан – Жәнібек» фестиваль-байқауы жұртшылық назарында. Жәнібек ауданының қақ төрінде ұлықталып жатқан ұлы мереке қарсаңында қилы тағдырды бастан кешкен ұлтымыздың тарихи өміріндегі зұлматты жылдардың желдей ескен естелігінің ызғарын сезініп, елі үшін жаны қыршын кеткен боздақтарды ел болып еңірей еске алды.

М.Ықсанов атындағы колледж ұжымы бастап берген байқауда, ұйымшыл ұжым кереметтей өнер көрсетіп көпшіліктің ризашылығына бөленгені рас. А.Оразбаева атындағы негізгі мектеп ұжымы да барын салып-ақ дайындалды.
Бүгін өнер көрсеткен Сапар Мәмбеталиевтің басшылығындағы №1 мектеп-лицейі ұжымына да оңай болмағаны рас. Бұл тақырып өте күрделі әрі жауапкершілік жүгі ауыр болып қала береді. Кезекті мекеме қызметкерлері «Қазақтың батыр қызы – Мәншүк» деген тақырып төңірегінде бағдарлама дайындап, үздіктердің көшін бастауы тиіс болды. Екі мекеменің көрсеткен өнерінен кейін шыны керек кереметтей дүниені күте қоймағанымыз рас. Бірақ бүгінгі концерттік бағдарламаның деңгейі қазіргінің тілімен айтқанда «ожидание» және «реальность» болды. Аталмыш білім ордасының ұжымы сенгендердің үмітін ақтады.

Шараны дайындағанда ұжымның «ұтамыз» деп қана емес, халыққа мазмұны терең тың дүние мен ұмытылмас әсер сыйлауды мақсат еткендері көрініп-ақ тұрды.

Елдің маңдайына біткен жарық жұлдыз, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың есімін естімеген адам жоқ шығар. Не бары 20 жастан асқан шағында Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген қазақ қызының жерлесіміз екендігін әмәнда мақтана айтамыз. Есімі тарих бетінде алтын қаріппен жазылған Мәншүк Жиенғалиқызының бала кезінен бастап елі үшін ажал құшқан соңғы сәтіне дейінгі өмір жолын толықтай бейнелеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене алған ұжымның дайындаған қойылымы, оның ішінде оқылған әр шығарма, орындалған әр ән, сахналық көрініс және хореографиялық нөмір құдды кәсіби мамандардан ұсынылып жатқандай болды.

Мәншүктің өз әкесі – Жиенғали Мәметов болғанымен, бауырына басып тәрбиелеген әкесінің інісі Ахмет Мәметов болатын. 1938 жылы әкесі Ахметті тұтқындап, ату жазасына кескен сәтте әкесінің кінәсіздігіне сеніп, есімін ақтап алу үшін барынша күрескен күрескер қызы 1942 жылдың тамызында өз еркімен Қызыл Әскер қатарына жазылады. Осы бір тұстан бастап батыр қыздың өмірінің әр сәтін көркем суреттей алған ұстаздар қауымы мен мектептің дарынды оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, фестивальдің фавориттері қатарына қосылды.
Кеш соңына таман «Батыр қыз – Мәншүк» әнін орындаған Мейрамгүл Дәулетқалиева қалың көрерменді ауызына қаратты, кәсібилігін толық дәлелдеп шықты. Ал кеш нүктесін қойған ұстаздардың орындауындағы хордың деңгейі, аталмыш мектепте білім алып жатқан балаларды білімдері мен өнерлері бір арнада тоғысқан жан-жақты мамандар тәрбиелеп жатқандығының айқын дәлелі болды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы