Таяуда Орал қаласында шахматтан «Senat Open» ІІ ашық кубогының он бірінші іріктеу кезеңі өтті.
Алғашқы «Senat Open» ашық кубогы 2024 жылы өткізілді. Оған Қазақстанның әр өңірінен 2000-нан астам шахмат әуесқойы қатысты. Аталған жарысты өткізу идеясын ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ұсынып, Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов бұл бастаманы қолдады.

Аталған шараның мақсаты – шахматты мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар арасында насихаттау және билік органдары мен шахмат қоғамдастығы арасындағы байланысты нығайту болып табылады. Он бірінші іріктеу кезеңіне облыстың 12 ауданы мен Орал қаласының ойыншылары түсті.

«Senat Open» ІІ ашық кубогының он бірінші іріктеу кезеңіне ауданымыздан аудан әкімі Тимур Шиниязов бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Жәнібек ауданының намысын қорғауға барған команданың ішінде аудан әкімінен бөлек II шақырылым депутаты Таумұрат Сәпиев, II, III, IV шақырылым депутаты Нұрболат Жұмағалиев, ІІІ, ІV шақырылым депутаты Серік Құспанғалиев, VII шақырылым депутаты Айдарбек Жұманиязов, мемлекеттік қызметкерлер Әділет Жапақов пен Елдос Мақсотов, қоғамдық кеңес мүшесі Меңдіхан Халиханов жақсы нәтиже көрсетіп, жартылай финалға Әділет Сырымбекұлы жолдама алды. Турнирде жеңіске жеткен әртүрлі номинация бойынша үздік шахматшылар 26 шілдеде Орал қаласында өтетін «Батыс» жартылай финалына қатысады.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы