Бүгін Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде алғыс айту күніне орай жиын өтті.
«Бүгін ардагерлер үйінде алдағы үлкен мерекелердің бастауы болған алғыс айту күні, яғни елге, өзіміздің ағайын-тумаларымызға, бауырларымызға, үлкендерімізге, ұрпағымызға алғыс айту өмір бойы жалғасатын әдет-ғұрыптарымыздың бірі. Жалпы, алғыс айту десек, сонау ашаршылық, соғыс жылдарында халықтар бір-біріне көмектесу арқылы қиындықтарды жеңіп шыққан. Міне, сол үрдіс бүгінге, яғни алғыс айту күніне жалғасып жатыр. Олай болса, баршаңыз да ардагерлер үйіне қош келдіңіздер», - деді жиынды ашқан белсенді ардагер ұстаз Гүлнар Хайырлиева.
Сөз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатовқа берілді.
-Баршаңызға көктемнің алғашқы күнімен бірге келетін Алғыс айту күні құтты болсын. Алғыс айту күні, аты айтып тұрғандай, жақсы мерекелердің бастауы, алғанымыз алғыс болып, бәрімізге бата дарысын, үлкендеріміз аман отырсын, біздерге ақылшы болып, жол көрсетсін. Алда Халықаралық әйелдер күні, Көрісу айт, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы келе жатыр. Наурыздың 14-інен он күнге созылатын Наурызнама басталады, әр күннің өз орны, атауы бар. Бұл туралы алдын ала хабарлайтын боламыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Баршаңызға амандық-саулық тілеймін, - деді ол.
Одан кейін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев жиынға қатысушыларды атаулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін арнады, ардагерлер ұйымы атынан мерекеге орай ауданда өткізіліп жатқан қоғамдық-саяси шараларға белсене араласып, ұйымның жұмысын жандандыруға нақты көмек көрсетіп, бір тілекте болғаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, еңбек ардагерлері Бәтима Азаматова, Қантым Ғұмарова, Гүлнар Хайырлиева, Асылғаным Буршина, Наталья Сажина, Татьяна Афанасьевна, Наталья Викторовна, Зәмзәмгүл Мұратова, Айымжан Егеуова, Шынтемір Рамазанов және Ерлан Өтешевке алғысхат пен шағын сыйлықтар табыс етті.
Шара барысында Т.Жароков атындағы орта мектептің 4 «а» сыныбының сынып жетекшісі Нәсіпқаным Қадырәлиева сөз сөйлеп, оқушылары тақпақ оқып, бірнеше ән орындады. Еңбек ардагері Сапуан Боранбай оларға ақ батасын берді. Сондай-ақ Қантым Ғұмарова, «Ақниет», «Надежда» әжелер ансамблінің мүшелері қазақ және орыс әндерін шырқата салды.
Асқар Құсайын
Жәнібек ауданы