Жәнібек ауданында ерекше жандарға арналып мерекелік дастархан жайылып, үлкен ілтипат көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп, ерекше жандар қоғамның айнасы екенін, олардың өмірге деген жігері мен қайраты баршамызға үлгі болатынын айтып, әрдайым қолдау білдірудің бәріміздің басты міндетіміз екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол қариялар күніне орай қазыналы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізге деген құрметтің ел бірлігі мен берекесінің айғағы екенін атап өтіп, «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген халық даналығын мысалға алып, барлық қарияларға ұзақ ғұмыр, амандық пен шаттық тіледі.
Аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Мирайда Батырғалиева да сөз сөйлеп, жүрекжарды тілегін білдіріп, көпшілікті белсенділікке, қоғам ісіне атсалысуға шақырды.

Жәнібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райгүл Тастенова да қалыс қалмай мерекемен құттықтап, ақ жарма тілегін арнады. Ол өз сөзінде ерекше жандарды қоғамнан бөлек емес, керісінше, оның ажырамас бөлігі ретінде қабылдау қажеттігін айтып, әрдайым қолдау көрсетіліп, қамқорлық жасалатынын жеткізді.
Шара барысында Қантым Ғұмарова сөз сөйлеп, өз қолынан шыққан ерекше сыйлығын аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовке табыстады.

Мерекелік жиында айтылған ақ баталар мен жүрек жылытқан тілектер кештің мәнін арттырып, қуаныш сыйлады.
Бану Самат,
Жәнібек ауданы