Жәнібек ауданы әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов ҚР Президентінің 2025 жылғы 4 наурыздағы №807 Жарлығына сай көп балалы анаға салтанатты түрде алқа табыс етті.
Алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін жәнібектік Меңдігүл Азимова «Күміс алқа» алқасымен марапатталды.
«Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды»,- деді аппарат басшысы.
Еске сала кетейік, «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына сәйкес «Күміс алқа» медалі алты баланы дүниеге әкеліп, алтыншы бала бір жасқа толған соң және басқа балалар тірі болса беріледі.«Алтын алқа» және «Күміс алқа» Қазақстан Республикасының ордені мәртебесіне ие. 2010 жылдан бері алты және одан артық бала тәрбиелеп-өсірген аналарды марапаттау салтанаты өткізіліп келеді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы