Жәнібек аудандық мәдениет үйінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Өнер үшін жаралған, жампоз ер еді-ау күйші аға" атты жерлес күйші Биболат Аюповты еске алу кеші өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев қатысты.
Жиын Биболат Насырұлының қысқаша өмірбаянын таныстырумен ашылды. Одан кейін күйшінің көзін көрген, кештің арнайы шақыртулы қонағы Бекет Әліпқалиұлы сөз сөйлеп, Биболат Аюповтың тек күйші ғана емес, сонымен қатар мықты қызметкер екенін тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. Кеш "Жәнібек сазы" халықтық-фольклорлық ансамблінің орындауындағы "Адай", Қуаныш Аждуовтың орындауындағы "Ауылым" әнімен жалғасын тапты. Сондай-ақ Биболат Насырұлы туралы естеліктерімен бөлісу мақсатында аға буын өкілдерінің әңгімелері және күйшінің қызы Мүкрама Биболатқызының естелік әңгімесі көрермен назарына видеоролик арқылы ұсынылды. Жиында аудандық мәдениет қызметкері Шынтемір Рамазанов Құрманғазының "Аман бол, шешем" және жоғарыда аталған оркестр "Аңсау" күйін орындады.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Асхат Хамитұлы сөз сөйлеп, өнерлі жампозды жерлестері еш ұмытпайтынын айтты.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер