Ұрпаққа рух беретін күндер болады. Солардың бірі – 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл күн – тек тарихқа тағзым ғана емес, келешекке бағдар. Сол рухпен қанаттанған Т.Жароков атындағы 10-сынып оқушысы Рахат Ерсайын LEGO EV3 негізінде ерекше робот құрастырып шығарды. Бұл – әскери техниканың зениттік-ракеталық кешеніне ұқсайтын, заманауи инженерлік үлгіде жасалған робот.

Роботтың басты ерекшелігі оқушының өз қиялынан туған шығармашылық шешімдер. Жоғарғы бөлігіне орнатылған атқыш тетіктер шынайы ракеталық құрылғыны еске түсіреді. Құрылымында қорғаныс панельдері, қозғалысқа жауапты моторлы дөңгелектер, басқару блогы мен оқ ату механизмдері бар. Бұл робот бағдарламалық тұрғыда автономды жұмыс істей алады немесе қашықтан басқару арқылы басқарылады.

- Мен бұл роботты Жеңіс күніне арнадым. Бірақ, басты мақсатым еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи техниканың үлгісін өз қолыммен жасап көру еді. Болашақта нақты техникалар жасай алатын инженер болғым келеді,— дейді жас өнертапқыш.
Робототехника үйірмесінің жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Дархан Талғатов: «Біздің мақсат – балаларды тек техникамен таныстыру емес, оларды ойлауға, шешім қабылдауға, және идеяларын жүзеге асыруға үйрету. Рахаттың бұл жұмысы шығармашылық пен техникалық білімнің керемет үйлесімі. Сонымен қатар, ол Жеңіс күнін қазіргі заманмен байланыстыра білгені үшін де мақтауға лайық» - деді.

Мұндай жобалар оқушылардың технологияға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оларды патриоттық рухта тәрбиелеудің де заманауи жолы. Рахат Ерсайынның бұл жобасы тарихты есте сақтай отырып, болашақты жаңаша көзқараспен елестете алатын ұрпақтың өкілі екенін дәлелдейді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы