Жәнібек ауданы орталығындағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «AgroSkills Oral - 2022» салалық чемпионаты өтті.

Чемпионатта Ақжайық аграрлық-техникалық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Шыңғырлау, Тасқала және М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледждерінің командалары бақ сынады.
- Даму индустриясының 4.0 мақсатына сәйкес, әлеуметтік бағдарлауды, сондай-ақ «Жас маман» жобасында айқындалған міндеттерді ескере отырып, бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдына кадрларды даярлаудың барлық жүйесін одан әрі трансформациялау міндеті қойылғаны белгілі. Осыған байланысты елімізде техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа үлгісі қалыптасуда. Ал ауыл шаруашылық саласында арнайы өткізілетін «AgroSkills Oral-2022» чемпионатының миссиясы - кәсіптік бағдар механизмін, мамандарды даярлау, сарапшылар қауымдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыруды қоса алғанда, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету. Қатысушы командаларға алғыс білдіре отырып, барлық кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетуді тілеймін, - деді чемпионаттың ашылуында сөз алған М.Ықсанов атындағы колледждің директоры Берік Ықсанов.
Әрмен қарай сөз алған облыстық білім беруді дамыту орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Қуанышалиева мен Ресей Федерациясының Палласовка ауыл шаруашылығы техникумының өкілі Иван Черновалов та қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиында Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы атынан «WorldSkills Kazakstan» өңірлік чемпионатының «Ауыр жабдықтарға техникалық қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша II орын алған Аманжан Айталиев, үздік маман аталымына ие болған Асылжан Мұтаев, «Желілік және жүйелік басқару» бойынша III орыннан көрінген Аманат Шетинов дипломмен марапатталды. Сондай-ақ жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқаны үшін Арсен Сағитқа алғысхат табысталды.
Шараға жиналғандар колледж жанынан ашылған музейді аралап, білім беру ұйымының тыныс-тіршілігімен танысты. Колледж басшысы Берік Қабделұлы «Жас маман» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, қонақтардың сұрақтарына жауап берді.
Жиын соңында М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі мен Палласовка ауыл шаруашылығы техникумының өкілдері екі ел арасындағы меморандумға қол қойды.

Жарыстың қорытындысы бойынша М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенті Қуаныш Мухитов женімпаз атанып, республикалық чемпионатқа жолдама алды. Бөкей ордасы колледжінің студенті Елдос Мұқанов пен Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Рахман Жардемов тиісінше екінші және үшінші орындарды иемденді. Жарысқа қатысушы студенттерге арнайы дипломдар табысталды.

Лаура Халина,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz