24.04.2025, 16:45
Оқылды: 629

Жәнібектік түлектер ақынның кеудемүсінін тарту етті

Бүгін Жәнібек ауданы орталығындағы Т.Жароков атындағы орта мектебінің 90 жылдық мерейлі мерекесі аясында осыдан жарты ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектердің туған ұясына тағзым ретінде ақын Тайыр Жароковқа арналған «Тағылым тұғыры Тайыр мұрасы» атты шарасы өтті. Мектепке Тайыр Жароковтың есімі берілгеніне көп жылдар өтсе де, 1980 жылғы мектеп түлектері өздерінің білім алған мектептеріне жүрек жылуымен тарту жасап, кеудемүсін орнатты.

image-24-04-25-02-15

Сөз кезегін алған мектеп директоры Мереке Құбаев: «Мектеп 90 жылдық тарихында мыңдаған шәкіртімен, жаңалыққа құмар ізденімпаз, білікті ұстаздарымен, шыңдарды бағындырған өнертапқыштарымен, талайды жетістік күндеріне жеткізген таланттарымен, ғылыми жетістіктерімен, ғалымдарымен, ынтымақ пен бірлікті меңзеген ұжымымен мақтана алады. Т.Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектеп жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған іргелі білім ордасы. Мектеп тарихы ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастау алады. Алғашында бастауыш мектеп болып ашылып, 1935 жылы Қазақ АКСР Халық комиссариатының қаулысымен жетіжылдық қазақ мектебі болып, соғыс жылдарында орта мектеп мәртебесін алған болатын. 1965 жыл мектеп тарихында елеулі жылдардың бірі болып саналды. Еңбекшілер депутаттарының Орал облыстық Советі атқару комитетінің 1965 жылдың 25 наурызындағы №119 қаулысымен мектепке ақиық ақын Тайыр Жароковтың есімі берілді. Қазіргі таңда 90 жылдық тарихы бар білімнің қара шаңырағы. Мектептің ең алғашқы түлектері ҰОС қатысқан ардагер ұстаздар, сол кездегі КСРО-ның дамуына үлес қосқан, ғалымдар, академиктер, профессорлар, ақындар, сазгерлер, сәулетші мен мүсіншілер де түлеп ұшқан еді. Осындай сан түрлі мамандық иелерін түлетіп ұшырған мектебімізбен мақтанамыз. Бүгін біздің білім ордамыз үшін айтулы күн. Мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған түлектер тарту ретінде кеудемүсін орнатты. Бұл тек тас мүсін емес, бұл ұрпақтар арасындағы алтын көпір, мәңгілік байланыс. Алғыс айтамын», - деді.

image-24-04-25-02-15-1

Кеудемүсінді мүсін авторы Жандарбек Өтеғалиев пен мектеп түлегі Айжан Боранбаева салтанатты түрде ашты. Сөз алған ардагер ұстаз Гүлнәр Хайырлиева жүрекжарды лебізін білдірді. Шара 2005 жылы мектептің 70 жылдық мерейтойына арнап жазылған мектеп гимнімен өз мәресіне жетті.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

image-24-04-25-02-15-2

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале