28.03.2025, 9:00
Оқылды: 452

Жәнібектік жерлестер Орал қаласында бас қосты

 Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязовтың бастамасымен облыс орталығында тұратын жәнібектіктердің басы қосылып, жылы шырайлы жүздесу өтті.
image-28-03-25-12-42-2
Ауылдағы ағайын мен қалалық ағайын бір-бірін көріп, амандасып, арқа-жарқа болды. Ардагер ұстаздар, бар ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған, Жәнібекке өз үлесін қосқан, ауданның құрметті азаматтары ақ дастархан басында әңгіме-дүкен құрып, мәз болды. Алғы сөзді алған аудан әкімі Тимур Серікұлы басқосудың мақсатын айтып, кездесудің реті қасиетті Рамазан айында өткенін қуанышпен жеткізді.
image-28-03-25-12-42-9
Ғұмырын мемлекеттік қызметке, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына арнаған Салауат Нұрғалиев Орал қаласында тұрып жатқан жәнібектіктердің басын қосып, «Жәнібектік жерлестер» атты ұйымның құрылғанын айтып, аудан басшылығына өз ризашылығын білдірді. Жылы жүздесуге келген жерлестердің де айтары көп болды. Сағынысып қалған ауылдастар кем дегенде он минуттан сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті, еңбек жолын айтты. Денсаулық саласының үздігі Қозыкеш Омаров ауданда өткен жылдарын еске түсірсе, аудандық мешіттің бас имамы болған, мешіттің тасы қаланған кезде басы-қасында жүрген Қажымұқан Ғилманов аудандағы мұсылмандар мешітінің 30 жылдығы туралы сөз қозғады. Бекет Әліпқалиев әскери тәртібі бар естеліктерімен бөлісті.
-Өте жақсы бастама. Бұндай басқосу алғаш рет өтіп жатыр. Өте қатты ризамын. Қуанғаннан жүрегім жарылып кетпесе игі,- деп Бекет Әліпқалиев тілегін де қоса айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов биыл ауданда атап өтілетін мерейтойлар мен атаулы даталарға тоқталып, қалай, қайда, қашан өтетіні туралы хабардар етті.
image-28-03-25-12-42-3
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ауданның атқару комитетінің соңғы бірінші хатшысы болған Самат Оспанов, аудан әкімі болған Максим Хасанов та сөз алды. Аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов бас қосқан, алтын уақыттарын бөліп келген үлкендерге ризашылығын білдірді. Қамыстылық, білім саласында қызмет еткен Өтебай Құспанов, бірнеше совхоздың директоры болған Нұрқожа Әубекеров, мемлекеттік қызметтің ардагері Қазбек Меңеев, ауданның құрметті азаматы Берік Өтешев ауданның өсіп-өркендеп жатқанын көріп, қуаныштарымен бөлісті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет атқарып жүрген Мәдияр Өтешев өзінің әкесі,  күйгенкөлдік Амангелді Өтешев жайлы жылы сөз айтып, еске алды. Батыс Қазақстан облыстық Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры, жерлесіміз Айдарбек Айтпукешев аудандағы білімнің сапасы туралы ой қозғады. Айтуынша, қазіргі жастарға жаңа дем, жаңа леп керек. Аудандағы білім деңгейін көтеру қажет. Сонымен қатар Т.Жароков атындағы орта мектебінің құрылғанына биыл 90 жыл. Алайда, Айдарбек Төлепұлының айтуынша, мектеп 1935 жылдан да ертерек ашылған болу керек. Себебі аудан орталығындағы №1 мектеп-лицей 1922 жылы ашылса, сол уақытта қазақ мектебінің болмауы шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Бұл мәселені зерттеп, архив құжаттарын көтеруді қолға алам деген Ахмедияр Батырханов бір-екі ауыз сөз қосып, жылы лебізін де жеткізді. Ақ жаулықты апаларымыз да шет  қалмай, өз тілектерін арнады. Мәдина Ғилажева, Гүлнар Хайырлиева жылы-шырайлы кездесулер жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығы үзілмесе игі деген тілектерін білдірді.
image-28-03-25-12-42-7
Кездесуге қатысқан жерлесіміз, күміс көмей әнші Қуаныш Қисметов әдемі әндерін орындап, жүздесудің шырайын кіргізді.
Басқосу ақ жаулықтылардың орындауында «Бір шәугім шай» әнімен өз мәресіне жетті. Соңында жерлестер естелік суретке түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале