Бүгін Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде соғыс және еңбек ардагерлері Боранбай Қадыров пен Қадер Ғайсиннің туғанына 100 жыл толуына орай еске алу жиыны өтіп, оған Боранбай Мырзағалиұлының ұрпақтары мен еңбек ардагерлері қатысты.

Жиынды «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ашып, жүргізіп отырды. Ол қос майдангердің көздерін көрген азамат ретінде олардың Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы жанқиярлық ерлік істері мен соғыстан кейінгі бейбіт өмірде атқарған ерен еңбектері туралы кеңінен әңгімеледі.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекет Әліпқалиев сөз сөйлеп, Боранбай Қадыров туралы жылы естеліктерімен бөліссе, ұлы Абай мен тұңғыш қызы Света осындай есте қаларлық еске алу кешін ұйымдастырған Амангелді Мырзағалиұлына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ Света кезінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында басшылық қызмет атқарған Нұрлан Сәдірдің әкесі туралы кітапша шығарғалы жатқанынан жиналғандарды хабардар етті.

Шара барысында майдангердің шөбересі Айлин Биболатова «Секіртпе» күйін орындаса, мәдениет қызметкері Тамара Кафарова сырнаймен «Ағаларым» әнін сызылтты, мәдениет саласының ардагері Шынтемір Рамазанов «Қосалқа» күйін күмбірлетті.

Асқар Құсайынов
Жәнібек ауданы