«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бағдарламасы ауқымында Жәнібек ауданы орталығының шығыс беткейіндегі екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің, сонымен бірге оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы толықтай бітіп, пайдалануға берілді.
Осы салтанатқа арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
-Тәуелсіздігіміздің, Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде еліміз өркендеп, дамуда. Соның айқын көрінісі «Нұрлы жер» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы. Елбасы биыл 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылатынын мәлім етті. Мемлекет басшысы тұрғындардың қолжетімді баспанасы болсын деп аталған бағдарламаны қабылдады. Оның нәтижесін халық көріп отыр. Елмен бірге облыс көлемінде де өркенді істер қанат жайып келеді. Келер жылы Қазталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына 250 шақырым қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталып, оған 6 құрылыс компаниясы атсалысады. Аталған аудандардағы асфальт жолдың құрылысы 2 жылдың ішінде аяқталмақ. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының атынан аудан тұрғындарын осынау мерейлі сәтпен шын жүректен құттықтаймын, - деді Бағдат Оразалдыұлы.
Б.Азбаев, аудан әкімі А.Сафималиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Уәлиев жаңа қонысқа ие болған 40 тұрғынға пәтер кілтін табыс етті. Су жаңа үйді иеленушілер атынан Луиза Қанатова сөз сөйлеп, жайлы пәтерді алуы Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында жүзеге асқанын, аудан тұрғындары жыл сайын осындай қуанышқа бөлене беретінін мақтанышпен жеткізді.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары жаңадан салынған пәтерді иемденген Асқар Есекеевтің қонысына бас сұғып, оны қуанышымен құттықтады. - Алып жатқан үйіңізбен бірге бала-шағаңызға құт-береке дарысын. Қонысыңызды бұдан әрі әрлендіру өз қолыңызда, аулаңызды қоршап, тал-дарақ отырғызып, көркейте беріңіз,-деді Бағдат Оразалдыұлы. Қоныс иесі облыс әкімінің орынбасарына үй алу кезегінде 6 жыл тұрғанын, «Нұрлы жердің» нәтижесінде арқа-жарқа, мәре-сәре болып, бала-шағасымен бірге айтып жеткісіз шаттықты бастан кешіп жатқанын білдірді. Бағдат Оразалдыұлы пәтер алушыға пайдалануға берілген бұл үйлердің барлық тұрмыстық жағдаймен қамтылып, тұрғындарға қолайлы, сапалы салынғандығына, қыста жылы болатынына сенетінін білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға келген жұмыс сапары барысында Жәнібек ауылының ішіндегі жөндеуден өткізіліп, асфальт төселіп жатқан жолдардың құрылысымен танысты. Содан соң Ақоба ауылына аттанып, қарашаның соңында пайдалануға берілетін ауыз су құбырының жұмыс барысына қанық болды. Мұнда қазір 50 текше метр су қысымды мұнарасы, 200 текше метр резервуар, 4 ұңғыма салынған. Жалпы ауыз су құбырының жұмысы 95 процентке аяқталған. Дәл осы кезеңде су жіберетін нысанның айналасын абаттандыру ісі жүргізілуде. Ауыл ішіндегі трассаның ұзындығы 16 шақырымды құрайды.
Н.ЖАПАҚОВ,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!