«Жайық Пресс» медиахолдингінің «Жазу өнері. Журналист және жасанды интеллект» тақырыбында ұйымдастырған медиафестивалінің екінші күні өтті. Медиа саласында жүрген маман кез келген ақпаратқа күмәнмен қарап, айтылған қателерге жол бермеудің амалын қарастыру керек дейтін болсақ, фактчек — ел алдындағы тұлғалардың мәлімдемесі мен медиа материалдарда айтылған нақты тұжырымдардың рас-өтірігін анықтайтын журналистиканың маңызды саласы және ажырамас бөлігі деп білеміз.
Фотоға түсірген: Бекзат Қанаділ
Журналистер мен медиамамандардың өз білімдерін жетілдіріп, жұмыстарын жеңілдетуге бағытталған жаңа қолданбалар мен лайфхақтарды, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері, ол арқылы жасалған фейктерді анықтау жолдары, Қазақстандағы Factcheking-тің маңызы мен мәні, сонымен қатар ашық және ресми деректерге қол жеткізу жолдары мен кеңейтілген іздеудің медиамамандарға беретін мүмкіндіктері жөнінде кеңінен тарқатқан спикер, журналист, фактчекер Жансерік Тілеухан бұл жөнінде:
- Фактчек тек жалған ақпараттармен күресіп қоймай, кез келген (шындық, жалған, манипуляция) фактіні тексереді. Ақпаратты тексеру, мифтерді сейілту, уәделерді қадағалау, үгіт-насихатқа қарсы күрес сынды төрт маңызды нәрсені қарастырады. Алайда, адамдар фактчек пен верификацияны шатастырып жатады. Фактчек — шыққан ақпаратты тексеру, верификация дегеніміз — ақпарат шықпай тұрып тексеру. Елімізде сарыжағал медиа редакциялар верификация жасай бермейді. Естіген ақпаратты тексермей жариялайды да, сол арқылы барша медиамаманның атына нұқсан келтіріп жатады. Шын мәнісінде нағыз журналист факт пен пікірді ажырата білуі керек, -деді.
Айтқан сөзінің жаны бар. Заман талабының өзгеруіне байланысты, ақпараттың шынайылығынан гөрі оқырманның қызығушылығын кез келген жолмен арттыруға баса ден қойып, қисынсыз әрекеттерге жол беріп жүрген әріптестеріміздің қателігін анықтап, халықты шынайы және ресми расталған ақпараттармен хабардар ету біздің басты борышымыз болып табылатындығын ескерсек, бүгінгі дәрістің біздер үшін маңыздылығы өте жоғары. Ешбір салыстыруға келмейтін құнды ақпараттарымен бөліскен Жансерік Тілеуханға ризашылығымызды білдіріп, облысымыздың ақпарат саласының қызметкерлеріне осындай мүкіндіктер беріп отырған «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшылығына алғысымызды жеткізіп, жиыннан соң естелік суретке түсіп, әрмен қарай 4 кезеңнен тұрған интеллектуалдық куизде бақ сынастық.
Түрлі сала мамандарынан құралған 5 топтың ішінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің жас тілшілерінен құралған команда, ақыл-ой озаттығын дәлелдеп, жеңіске жетті. Ертең 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай БАҚ қызметкерлері арасында өтетін волейболдан «Media CUP» ашық қалалық турнирінен соң 3 күнге созылған медиафестиваль өз мәресіне жетпек.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы