Үлкен ағалық жолын көрсеткен, ақылын айтып тәрбиелеген ұстазым – Сатқали Сапаровты еске алсам, көңілімді алақұйын ой тербейді. Жақсы адамның ізінен еріп, тағылымын көру бір ғанибет екен-ау.
Сатқали Сапарұлы 1928 жылы «Оян» ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ең бір ауыр кезінде сол заманның балалары сияқты 14 жасынан еңбекке араласты. Ысылды. Шыңдалды. Кейін оқып, үлкен азамат боп әр жерде қызмет етті. Іскерлігі арқасында қызметінде абыройлы болып, ел құрметіне бөленді. Тарқата айтсақ, Жаңақала, Бөрлі аудандық қаржы бөлімінде, аудандық кеңес атқару комитеттерінде басшылық қызметтерде жарқырай көрінді. Жұмыстан қол үзбей, орта білім алып, осы аралықта Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін де бітірді. Адамдығы биік, түсінігі мол жанның өзіндік принциптері оны ешқашан алдамағаны анық.
Сатқали аға 1967 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Жанақала, Каменка аудандық партия комитеттерінің бірінші секретары сынды лауазымды жұмыстар атқарды.
Аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеріп, нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Осынау азаматтың еліне қалтқысыз қызметі ескерусіз қалған жоқ. Екі «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Қай жұмыста да шебер ұйымдастырушы, білікті басшы екенін көрсетті. Халық оны үлкен адамгершілігі, қарапайым мінезі және ардан аттамайтын тазалығы үшін қадірлейтін.
Иә, мен Сатқали ағамды 1961 жылдан бері білемін. Ол кезде менің комсомол ұйымында істеп жүрген жас, іске жаңа араласып, белсенділік танытып жүрген шағым еді. Саяси ахуал ауданда жиі-жиі өзгеріп тұратын. Н.С.Хрущевтің бітпейтін реформаларынан көз ашпайтын жылдар-тұғын. Колхозды совхоздарға аударып, бір-біріне қосып, аудан атын өзгертіп, аумақтық басқармалар құрып, ай сайын жаналықтар енгізіп тұратын заман болды. Камен Зеленовский ауданына қосылды. Сол уақытта Сатқали аға Зеленовский ауданы атқарушы комитетінің төрағасы қызметіне жіберілді. Ал маған өзіміздің Крупская атындағы совхозға рабочком қызметі ұсынылды. Қайда жүрсем де, білікті ағаның қамқорлығын көрдім. Сыртымнан бақылап, ақыл-ойын айтып жүруші еді. Ол кездегі басшылардың кадр тәрбиелеуі мықты еді ғой. Кісілігі биік жанның мына бір жақсылығы есіме түскенде, сол өткен күндерді сағынып кететінім бар.
1967 жылы аудан қайта құрылғанда бірінші хатшы болып келді. Сәкеңмен жақсы тіл табысып, ағайынды адамдай боп кеттік.
Жанашыр аға мені аудан комитеті аппаратына бөлім басшысы етіп алды. Менің партиялық жұмыстағы мансабым осы бір қызметтік баспалдақтан басталды.
Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кез-тұғын. Самара қаласында ағайынымыз дүниеден өтіп, садақасына бардым. Жалғыз қалу ыңғайсыз. Сол уақытта жаназа кезінде қазақтардың бәрі түгел намазға тұрады екен. Қажының жалғыз тұяғы болсам да, атеистік көзқарастамын. Партия адамының құдайшылдығын кешпейтін кесір уақыт еді. Амалсыз көппен бірге мен де намазға тұрдым. Ағайынның садақасы болған соң көмектесіп, шапқылап жүрмін. Айнала таныс адамдар. Арада аз ғана уақыт өтті. Ауылға келіп, жұмысыма кірістім. Сатқали аға ол кезде ауданның І секретары. Мені шақырып жатыр деп естіп алдына бардым. Аман-саулық сұрасып болған соң, әңгімені төтесінен қойды. «Самараға барып келдің бе?», – деп сұрады. Ағайындардың қайғыларына ортақтасып келгенімді әңгімеледім. Сөйтсем, біреу көппен бірге намазға тұрғанымды айтып, үстімнен домалақ арызды айдатып жіберіпті. Ал, керек болса!? Сатқали аға жағдайды менің аузымнан естіген соң ашуланып, арызды жыртып-жыртып қоқыс салғышқа лақтырып жіберді.
«Сәке, қайтадан жазады ғой, одан да мені жазалаңыз», – деп едім.
Ол: «Өзім жауап беремін. Кез келгенді дос деме, сақ бол!», – деді. Мен бұл сөздерді әділ жанның жанашырлығы, достық пейілі деп түсіндім. Сөйтіп, оның жоғары түсінігінің арқасында басыма үйірілген пәле лезде ыдырап кетті. Он жыл бірге қызмет еткенде қайран аға маған шаң жуытпады. Үнемі қолтығымнан демеді, қорғады, қолдады. Еңбегімді бағалады. Сенім білдіріп, қолдауына мен де солай жауап бердім. Сыйластығымызға сызат түскен жоқ. 1972 жылы Сатқали ағаны Жаңақала ауданына жұмысқа аударды. Кетерінде: «Сені басқа жұмысқа жіберіп, өсірудің сәті болғанда, сенің орнына «замена» таба алмадық. Тап сендей жұмыс істейтін кадр болмады. Сондықтан бір орында отырып қалдың. Саған ризамын. Әлі жассың ғой», – деп қоштасып еді, жарықтық. Не деген кең, көреген адам еді деп ойлаймын осы күні. Сатқали аға 1976 жылы дүниеден озды.
Жылдар жылжып өтіп жатты. Кейін ұлы Табылғалимен жұмыстас болдым. Ел айтатын: «Проработал от Сапарова до Сапарова» деп.
Сатқали аға менің ұстазым, ағам болды. Мен ол кісінің інісі бола алдым. Балаларына аға болуға тырыстым. Ұлдары: Фазылғали, Әбілғали, Табылғали, Шүкірғали, Ниетқали, Арыстан, Азамат, Қуаныш еді. Уақыт не деген жүйрік?! Жақсының өзі болмағанымен, көзі қалды. Беу, дүние...
Парасатты азаматты, сүйікті перзентін халық ұмытқан жоқ. Жаңақала, Тасқала ауданында бір-бір көше С.Сапаровтың есімімен аталады. Атын ел қадірлеген, ауданның құрылуына мұрындық болған, оның іргетасының берік қалануына еңбегі сіңген С.Сапаровқа «Ауданның кұрметті азаматы» атағы берілген еді. Кейде сол үлкен жүректі ағаларды сағынамын. Солардың жүрген жолдарымен жүргенімді бағым деп білемін.
Арон Жұбанышев,
Тасқала ауданының құрметті азаматы