10.11.2020, 16:03
Оқылды: 26

Жаны мен жүрегі қазақ тасқалалық Рома

Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы өзге елдерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де байқалады. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген ұлты орыс болса да, қазақ ортасында тәрбиеленген Рома Владимировичпен әңгімелестік.

Рома (1)

– Өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз?

– Мен Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылында 1993 жылдың 17 желтоқсанында дүние есігін аштым. Тоғыз сынып бітіргеннен кейін, гуманитарлық-техникалық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Содан кейін оқу бітіріп, Отан алдындағы борышымды өтеуге кеттім. Үш жылдай Ақтау қаласында келісімшарт бойынша қызмет еттім. Көп кешікпей туған жеріме қайтып келдім. Қазіргі таңда полицей болып аудан орталығында жұмыс жасаймын.

– Қазақша жақсы сөйлейтініңізді байқап жүрміз. Жалпы, қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– Иә, әрине, ең алғаш 1-2 сыныптарда орысша оқыдым. Үйімдегі адамдар жаныма қазақ тілі жақын екенін сол кезде байқапты. Содан соң үшінші сыныптан бастап тоғызыншы сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқып, білім алдым. Ауылда өскендігімнің өзі қазақ тілін жетік меңгеруіме көп септігін тигізді. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болғандықтан болар, әйтеуір тез үйреніп алдым. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме өзімнің ортам көмектесті деп ойлаймын. Кішкентай кезімде әртүрлі қазақша тақпақтар айтып жүрдім. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Тілді өзім үйрендім. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда.

– Рома Владимирович, сіз қандай отбасында дүниеге келдіңіз? Өз жанұяңыз жайлы айтсаңыз?

– Менің отбасымда анам және екі ағам бар. Барлығымыз бір шаңырақта тұрамыз. Әрине тату-тәтті отбасы екендігімізді мақтанышпен айта аламын. Қазақ жерінде тұрғандықтан, осы жерде кіндік қаным тамғандықтан, Отаным болған соң, қазақ ұлтын құрмет тұтамын. Жанұямда қазақ тілін барлығы жетік біледі. Бірақ үйде жүргенде арасында орысша сөйлесетінімізді жасырмаймын.

– Шаңырағыңызда қандай дәстүрді ұстанасыздар?

– Қазақы салт-дәстүрді ұстанамыз. Өзіме әз-Наурыз мерекесі ұнайды. Бұл мейрамда көбі қазақи нақышта киінеді. Әртүрлі ұлттық тағамдар, жалпы айтқанда нағыз қазақтың мейрамы екені сезіліп тұрады. Үйде де осы мейрамды тойлап өтуге жиналамыз. Отбасымызда қандай дәстүр болса да, ұстануға тырысамыз. Жұма күні үйде иіс шығарып, анам бауырсақ пісіреді. Бұл, әрине, барлық отбасында болуы керек дүние деп ойлаймын.

– Сізге қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?

– Әуел баста қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтын едім. Кейін барлығын да үйреніп алдым. Менің әлі де мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін. Мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалына да алаңдаймын. «Өзге мемлекеттерде мемлекеттік тіл мәселесі деген мүлдем жоқ. Ал бізде мемлекеттік тіл әлі де өзекті мәселе болып тұр. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сыңайлы. Телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп келеді. Ісқағаздарды да мемлекеттік тілге көшіруде. Бұл жақсы деп ойлаймын. Сондай-ақ Қазақстанда қазақ тілі қашан да бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. «Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таң қалудың қажеті жоқ, себебі қазақстандық әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс деп есептеймін.

– Қазақ тілін білетіндігіңіз сізге қаншалықты көмектесті?

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тіліне немқұрайлы қарайтын бауырларымызды көріп жаным ашиды. Мұндай азаматтың қазақ тілінде сайрап тұрғанын көргендер іштей риза болып қалатыны рас. Өзім қазақтың салт-дәстүрін жақсы білемін және ұлттық тағамдарына да тәнтімін.

Романың өз халқының мәдениетімен қатар қазақ халқының барлық әдет-ғұрпын санасына сіңіріп алғанын көріп шаттандық. Өзінің Қазақстан топырағында туып-өскенін мақтан тұтады. Бұл азаматпен сөйлескендер әуелде оның қазақ еместігіне аса сене қоймайды екен. Бірақ оның ұлты орыс болғанымен, жаны, жүрегі – қазақ. Еліміздің және жеріміздің болашағына алаңдайтын сіздей азаматтар көп болғай! Жастарымыз сіздей болсын, қазақ тіліне деген құрметі арта түссін! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале