Алғыс айту күні – адамдар арасындағы сыйластық пен ризашылықты, құрмет пен мейірімді дәріптейтін ерекше мереке. Осыған орай Казталов ауданына қарасты Қарасу ауылдық мәдениет үйінде «Жаныңда жүр жақсы адам» атты мазмұнды кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кештің басты кейіпкерлері – ауылымыздың 80 жасқа толған ардақты әжелері. Саналы ғұмырын еңбекпен өрнектеп, ұрпақ тәрбиелеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қарияларымыз – бүгінгі буын үшін өнеге мектебі.
Ақ жаулықты аналар – тіршіліктің тірегі, шаңырақтың шуағы. Олардың ақ тілегі мен ақ батасы әрқашан береке мен бірліктің бастауы. Ал дана қариялар – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Осындай құрметке лайық жандарды ауыл әкімі С.С. Қажығалиев арнайы құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Н.Қуанышқалиев ақ тілегін арнап, мерейлі жастағы қарияларға ізгі батасын берді.
Кездесу барысында ардагерлердің өмір жолы таныстырылып, олардың қоғамға сіңірген еңбектері жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды. Бұл – кейінгі буын ата-әжелерін танып, тағылымын бойына сіңірсін деген ізгі ниеттен туған тағылымды сәт болды.

Мерейлі жас иелері Сәуя Губашева, Ағиса Марданова, Әлима Даулетова, Рая Дәулетова, Бақыт Қуанова аналар ақ батасын беріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Кеш барысында өнерлі жастар ән айтып, жыр арнап, үлкендерге құрмет көрсетті. Ал кеш соңында ауыл медиаторы С.Қоңырбаева ризашылығын білдіріп, өнер көрсеткен балаларға ақшалай сый табыстады.

Тағылым мен тәрбиеге толы бұл шара үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін тағы бір мәрте айқындап, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтқан мазмұнды кездесу ретінде есте қалды.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы