Фархад Жалмурзин жетекшілік ететін «Жапондық каратэдо киоку кенкукай» федерациясы біраз жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде Бәйтерек ауданы каратэшілері біраз белесті бағындырды. Балға аяқты, балта жұдырықты спортшылар елішілік, халықаралық тіпті әлемдік додаларда да жеңімпаз атанып үлгерді.
Ауыл жастарын спортқа баулып, бос уақытын тиімді өткізуге жетелеп жүрген каратэ федерациясының жұмысы көпшіліктің оң бағасына ие. Індет кесірінен бірде жеттығу болмай, енді бірде онлайн форматта оздырылып жатыр. Соған қарамастан Фархад бапкер жұмысын тоқтатпады. Оның бұл еңбегі елде ғана емес, шетелде де бағаланды.
Жуырда Жапон елінде шығатын «Майничи» (毎日新聞) газетінде бәйтеректік каратэшілер туралы көлемді мақала жарық көрді. Каратэден 8 дан иегері Сегиоши Синити жазған мақалада аудан спортшыларының жетістіктері туралы ғана емес, пандемияға қарамай онлайн форматта жаттығулар ұйымдастырып жүргендігі жайында жазылған. Жаңа технологияның барлық мүмкіндігін пайдаланып, күншығыстық кратэшілерден шеберлік сағаттарын алып жүргеніне жоғары баға берген шетелдік сенсей біздің елге келгенін еске алып, қазақтың қонайжайлығы туралы жылы пікірін де білдіріпті.
-Бүгінде Жапониямен тығыз байланыс орнаттық. Бірнеше бірлескен онлайн оқу-жаттығу жиындарын да өткізіп үлгердік. Сегиоши Синити 1 данға емтихан тапсырған Ғабдолла Ғабдуллин, Мадияр Жүнисәли Алтын және Арай Алтынсары сияқты жас каратэшілерден сынақ алды,- дейді бапкер Фархад Жалмурзин.
Ел спортшыларының еңбегін жоғары бағалайтын жапондық шеберлер авиапошта арқылы түрлі бейне сабақтар, бағалы сыйлықтар мен сертификаттарды және жақсы тілектер жазылған арнайы каратэшілер байрағын жіберіпті. Осы кезге дейін елімізде екі рет болған шетелдік бапкер Бәйтерек спортшыларының деңгейі қандай екенін білсе керек.
Өз елінде үлкен құметке ие Сегиоши Синити күні кеше олимпиада алауын алып жүрушілер қатарында да болды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz