4.03.2025, 18:09
Оқылды: 40

Жарайсың, Әміржан!

Жуырда Ақтөбе қаласында халықаралық деңгейдегі байқаудың республикалық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Айман Мұсаходжаева, Светлана Айтбаева, еліміздегі жалғыз контральто дауысты әнші Батырхан Смақов, эстрада әншісі Диана Шарапова, Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Айтимов және Италья мемлекеті өкілі Сара Менегхерти секілді мықтылар қазылық еткен байқауда бәсекелестік деңгейі де жоғары болды. Байқау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының және Теректі ауданының намысын қорғаған Әміржан Бауыржан жүлделі 3 орынды жеңіп алды.

WhatsApp Image 2025-03-04 at 18.15.51

«Қуанышымда шек жоқ. Шынымды айтсам дәл осылай болады деп күтпедім. "SANREMO JUNIOR" халықаралық байқауына еліміз бойынша іріктеу жүріп жатқандығын естігенмін. Шәкірттерімнің ішінен Әміржан Бауыржан есімді кішкентай талантымды дайындадым. Өзім "Қара балам" деп еркелететін Әміржаным ең алдымен онлайн іріктеуден өтіп, еліміз бойынша 51 бала жартылай финалға жолдама алды. Солардың қатарында менің қара балам да болды. Ақтөбе қаласына жолға шығып, сол 51 бала өз өнерін ортаға салды. Солардың арасынан 12 бала финалдық кезеңге өтті. Аталмыш додада шәкіртім Әміржан да 12 мықтының қатарына ілікті. Біз үшін бұл үлкен жетістік еді. Алайда, үміт бізді тағы бір қадам алға жетеледі. Ұстаз ретінде және аналық жүрегіммен қуанып отырмын. Әміржан үшін бұл алғашқы үлкен дода. Үздік үштіктен көріну – жоспарды асыра орындау деп білемін. Бізді қолдаған Теректі аудандық саз мектебі басшылығына және Әміржанның ата-анасына шексіз алғысымды білдіремін», - дейді Теректі балалар музыка мектебіндегі вокал класының мұғалімі Гүлназ Кусайнова.

WhatsApp Image 2025-03-04 at 18.16.12

Әміржан Бауыржанның өнеріне республиканың түкпір-түкпірінен келген вокал бағытының мамандары жоғары бағасын берді. Әміржандай шәкіртінен зор үміт күтетін ұстазының алдағы уақытта алар асуы мол деп сенеміз.

Рауан Таңатжан, 

Теректі ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале