«Хабар» теларнасында өтетін «Асыл қазына» интеллектуалды сайысына Ақжайық ауданының азаматы Ерболат Мұхтарұлы қатысты. Жай ғана қатысып қоймай, жеңімпаз атанып, барша жанкүйерінің мерейін тасытты. Атап өтейік, еліміздің түкпір-түкпіріне ақпарат тарататын телеарнаның жаңа жобасына көпке танымал өнер адамдарымен қатар түрлі саладағы мемлекеттік қызметкерлер қатысады.
Жамбыл ауылдық округі әкімі Ерболат Сапарғалиев бүгінде білімін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясында оқуда. Жерлесіміз бұл зияткерлік сайыста барлық сынан сүрінбей өтіп, өзінің қазақтың салт-дәстүрлері мен мақал-мател, жұмбақтарына қара жаяу еместігін танытты. Еліміздегі басты арналардың төрінен білімін дәлелдеді. Ойын шарты бойынша сайысқа қатысқан үш үміткердің ең аз ұпай жинағаны кезең сайын жарыстан шеттетіледі. Көнерген сөздер, қазақтың мақал-мәтелдерін жалғап айту секілді сайыстармен қатар химия, биология, ғылым саласынан да сауалдар экраннан көрсетіледі.
Ерболат қарсыластарын ұпай санымен ұтып, ақтық мәреде ортаға әкелінетін сандықша ішіндегі «Асыл қазынаға» қол жеткізді. Сандықша ішінде жасырылған қазақтың көне сөзінің мәнін ашып, түсіндіріп беріп, телеарнаның жеңімпазға ұсынатын марапатына ие болды.
Ә.Орынғали,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz